Мектеп ауласындағы алма бағынан 60 келіден астам өнім жиналды

Елордадағы №43 қосымша білім беру мектебінің оқушылары мен ұстаздары өз қолдарымен алма бағын отырғызып, баптап өсірді. Биыл олар 60 келіден астам өнім жинады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Баққа «Жасыл ел» жасағының мүшелері де бірге күтім жасады.
«Бүгін біз мектебіміздің ауласында өсірген алмаларымызды теріп жатырмыз. Мұнда төрт түрлі сорттағы 30-дан астам ағаш отырғызылған. Қатты аяз кезінде бақтың жартысынан айырылып қала жаздадық, бірақ көктемде оқушылар үсік шалған алма ағаштарын қайта қалпына келтіруге кірісті. Міне, бүгін себетімізге 60 келіден астам алма жиналды. Бұл – біздің оқушыларымыздың, ұстаздарымыздың және «Жасыл ел» жастарының еңбегі. Баққа күтім жасау, еңбегіміз – «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Бүгін біз өз өнімімізге ғана емес, балаларымыздың жауапкершілікті әрі еңбекқор болып өсіп келе жатқанына қуанып отырмыз», – деді мектеп директоры Руслан Тәкебаев.
«Жасыл ел» жасақ мүшелері де өз алма бағының жеміс бергеніне ерекше қуанды:
«Біз ағаштарға күтім жасап, зиянкес жәндіктерден қорғадық. Енді міне, осындай тамаша өнім алып отырмыз. Ортақ еңбегіміздің нәтижесін көру – ерекше сезім», — дейді олар.
Бұл ірі экологиялық бағдарлама балаларда табиғатқа деген саналы және ұқыпты қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталған. Жоба мектепте үшінші жыл жүзеге асырылып келеді.
Бағдарламаның басты бөлігі – мектеп аумағында оқушылар, ұстаздар және ата-аналар күшімен өсірілген өнімді жинау. Мұғалімдердің жетекшілігімен балалар қияр, қызанақ, көк шөп, орамжапырақ, қызылша және сәндік өсімдіктер егеді. Дән себуден бастап, өнімді жинауға дейінгі барлық кезеңді оқушылар өздері атқарады.
Жиналған өнім оқу процесінде және тұрмыста пайдаланылады: бір бөлігі мектеп асханасына жіберілсе, екінші бөлігі жобаға белсенді қатысқан оқушылардың отбасына беріледі.
Өткен жылы бұл мектеп республикалық «Жасыл алаң» жобасында жеңіске жетіп, 1 000 000 теңге грант иегері атанды. Осы қаржыға заманауи мектеп бақшасы құрылып, онда арнайы дайындалған егін алқаптары, тамшылатып суару жүйесі, қажетті құралдар мен жабдықтар орнатылды. Соның арқасында балалар ауыл шаруашылығы дақылдарын нақты аграрлық жағдайға ұқсас ортада өсіру мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінде бақшада биология, еңбек, дүниетану пәндері бойынша сабақтар, сондай-ақ сыныптан тыс іс-шаралар мен шеберлік сабақтары өткізіледі.
Соңғы үш жылда мектеп 15 ірі экологиялық акция ұйымдастырды.