Елорда көші басталды

1997 жылдың 8 қарашасы күні ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді.
Ұлттық намысымызға тиеді
1997 жыл, 28 наурыз, №13
Ақмола аграрлық университетінің қазақ халық аспаптар оркестрінің ұжымы, жетекшісі Багира Түсіпбекқызы Ахметова, осы университеттің қоғамдық мамандықтар факультетінің деканы Евгения Леонидовна Высотинаның өрескел тәртібіне көңілі толмағандықтан осы хатты жазуға мәжбүр болғанын айта отырып, Н.А. Тұңғышбаев, Б.Е. Абдрахманов, Б.М. Тәңірбергенова, Ж.Мұқашева, Г.С. Абитова, А.Асилова, Г.Асимова, Ж.Ж. Қасенов, Махметов, Айткенов, Хамитова, Қожабекова, Е.Тұрғанбаев, Н.Мусина, Б.Ахметова атынан редакцияға хат жолдапты.
Осы оркестрді құру үшін жатақханалар мен үйлерді өзі аралап, қабілеті бар студенттерді қоғамдық негізде ұлттық оркестр құруға үгіттеп, оны ұйымдастырған жетекшінің жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын, өте білімді, мәдениетті адам екенін, алайда, ҚМФ деканы ұжымды ыдыратуды мақсат етіп отырғанын, сахнаға шығарылмағандықтан өздерінің өнерін көрсете алмай жүргенін, бұл олардың ұлттық намысына тиетінін жеткізеді.
Университеттің қазақ халық аспаптар оркестрінің ұжымы жоғарыда айтылған дәйекке байланысты және оның адал шешімін шығаруды жүзеге асыратын арнаулы комиссия құрылуын талап ете келе, комиссия жұмысының нәтижелерін баспасөз бетінде жариялауды да өтінеді.
Жазылған жайдың жаңғырығы
18 сәуір, №16
Газеттің 28.03.1997 ж. нөмірінде «Ұлттық намысымызға тиеді» деген тақырыппен жарық көрген мақала авторларымен университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Болашев Айтбай Қабыкешұлы әкімшілік, студенттік кәсіподақ комитеттерінің төрағалары Б.З. Естаев, Т.Ескендіровтің қатысуымен әңгіме жүргізгенін, нәтижесінде төмендегідей дәйек анықталғанын жазады.
Шаңырақ көтергеніне биыл 40 жылдығын атап өткелі отырған С.Сейфуллин атындағы Акмола аграрлық университетінің ректоры Б.Ө. Әлімжановтың атынан түскен хатты толық жариялай отырып, қалалық «Ақмола ақиқаты» газеті редакция қоржынына түскен материалдардың қай-қайсысын болмасын (автордың аты-жөні толық жазылған) газет бетінде жариялап, пікірталас туғызуға міндетті екенін, оқырман хаттарымен жұмыс істеу қашанда газеттер үшін жоғары мәртебелі және жауапты іс болып қала беретінін айтыпты.
Қоныс құтты болғай!
6 маусым, №20
Ақмола қаласы еліміздің астанасы болып жарияланғаннан бері мемлекетіміздің басқару органдары жаңа астанадан өз қоныстарын белгілеп келе бастады. Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттігі Ақмолаға келгенін, Ақмола теміржол бекетінде Алматыдан келген қадірлі қонақтарды облыс әкімі А.Г. Браун, Ақмола арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағасы, қала әкімі А.Қ. Бөлекпаев және басқа да ресми адамдар қарсы алғанын жазады.
Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев агенттік үйіне кіру рәсімінде ыстық ықыласпен қарсы алған ақмолалықтарға алғысын білдіріп, агенттіктің құрамы толықтырылып, толыққанды жұмысқа кірісетінін мәлімдеді.
Ақмолада ел туы желбіреді
14 қараша, №46
1997 жылдың 8 қарашасы күні ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Салтанатты митингті облыс әкімі Ж.Кәрібжанов кіріспе сөзбен ашты. Осыдан кейін республикалық ұланның бас қолбасшысы, генерал Сәт Тоқпақбаев Алматыдан Ақмолаға жеткізілген мемлекеттік рәміздер эталондарын Президентке табыс етті. Мемлекетіміздің көгілдір туы Президент ордасының үстінде желбірей көтерілді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз тарихында манызы орасан зор талай қоғамдық оқиғалардың куәсі болған Ақмола даңқты тың игеру кезінде талай жұрттың өкілдерін жатсынбай бауырына басқан, құтты мекеніне айналған қастерлі кала болғанын ескере келе, ендігі жерде ол тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекеттікті орнықтырудың, әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырулардың кіндігіне айналатынына сенім білдірді.