Қоғам дертімен күрес жалғасады

Елордалық депутаттар нашақорлыққа қарсы акция аясында қаладағы ахуалмен танысу үшін бірнеше нысанда болды. Есірткі қылмысына қарсы күресте ведомствоаралық өзара әрекетті нығайту үшін мәселемен арнайы танысып, өз ұсыныстарын білдірді.
Халық қалаулылары ең алдымен қала кіреберісіндегі Күйгенжар бекетінде болды. Онда полиция қызметкерлерінің және кинологтардың жұмысымен танысты. Құқық қорғау органдары автокөлікті тексеру тәртібін және қызметтік иттердің есірткі заттарын қалай анықтайтынын көрсетті.
«Басты мақсат – елордаға есірткі заттарының жеткізілуін тоқтату. Қазір көріп отырғанымыздай, полиция мен кинологтар бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Депутат ретінде біздің міндетіміз – олардың жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, шешуге ықпал ету» дейді мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері бұл бекеттен иісшіл иттердің көмегімен 21 есірткі тасымалының жолы кесілді. Оның ішінде жастар арасында кең тараған мефедронның 700 грамнан астамы тәркіленген. Одан кейін депутаттар қалалық саябақтағы амфитеатрға барды. Мұнда «Астана жастары» волонтерлерімен бірге есірткі жарнамасы салынған қабырғаларды бояуға қатысты. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткі сататындар өз қызметін жасырын Telegram-каналдар арқылы сатуды меңгерген. Сондықтан жастар жиі бас қосатын орындарға өз жарнамасын жазып кетеді. Бұл ретте депутаттар мұндай жердің барлығына бейнебақылау камерасын орнату қажет екенін алға тартты.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Абай Амантаевтың айтуынша, мұндай шаралар оқу жылы бойы жалғасады. Бұл мақсатта есірткіні әкелуге тосқауыл қойып қана қоймай, жастардың оған әуестенуінің алдын алу үшін түрлі акция, кездесу және дәріс өтеді. Студенттер мен колледж оқушылары арасында түсіндіру жұмысын жүргізу жүйелі жолға қойылған.
Кездесудің соңғы нүктесі Психикалық денсаулық орталығында жалғасты. Мекеменің дәрігер-сарапшысы Ризолла Махметов депутаттарға нашақорлық пен лудоманияның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Токсикология зертханасында адам ағзасындағы психоактивті заттарды анықтайтын заманауи жабдықтарды көрсетті. Сонымен қатар дәрігерлер жұмыс барысында кездесетін проблемаларын ортаға салды. Жиын соңында мәслихат депутаттары мұндай кездесулер қоғамда нашақорлық пен құмар ойындарына тәуелділіктің таралуына жол бермеу үшін маңызды екенін айтты.
Айта кеткен жөн, елордада 2024-2025 жылдарға арналған нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөнінде кешенді жоспар бекітілген. Оның аясында қоғамда нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, жастарға ақпарат-түсіндіру жұмысын жүргізу, салауатты өмір салтын дәріптеу және есірткі қылмысына қарсы күресте ведомствоаралық өзара әрекетті нығайту барынша көзделген.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ