Басты ақпаратҚала мен сала

Құрылыс –экономиканың басты драйвері

Ертең – елімізде құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Қазақстан бойынша құры­лыстан алдыңғы орындағы Астана қаласында 1997-2023 жылдар аралығында 32 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салыныпты. Бұдан өзге түрлі әлеуметтік нысандар, мектептер, балабақшалар, медицина мекемелері, спорт және мәдениет ғимараттарының құрылысы қарқынды. Ал былтырғы есепке көз жүгіртсек, елордада 3,6 млн шаршы метр (11 айдың есебі) тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ биылғы жартыжылдықта Астанада 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталған.

Экономиканың басты драйверінің бірі де бірегейі – құрылыс. Бұл сала елдің тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының артуына және ­азаматтардың болашағын қамтамасыз етуге тың серпін беріп келеді. Құрылысшы қауымы еңбегінің арқасында сәулетті ғимараттар бой көтеріп, түрлі әлеуметтік нысан көптеп салынуда. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында олардың табанды еңбегіне құрмет пен ілтипат көрсетіледі. Мемлекет бұл үрдістен жаңылған емес.

Олар баспананы көбейтті

Әріге бармай-ақ, тәуелсіздіктен кейінгі елдегі құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталсақ. 1991 жылдан бастап Қазақстандағы құрылыс индустриясы елеулі өзгеріске ұшырады. Саладағы ең қиын уақыт 1995-2000 жылдары болды. Тек 1 жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүрген. Алайда 90-жылдардың аяғында нарықтық реформалардың енгізілуімен тұрғын үй құрылысы дамыды. Өйткені мемлекет міндетінің бірі әлеу­меттік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету болатын.

2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы енді. Кейін жұмыс істейтін азаматтарды ипотекамен қамтамасыз етуде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (2014 ж.), «Нұрлы жер» мемлекеттік және «7-20-25» ипотека бағдарламасы (2018 ж.) іске қосылды. Артынша 2022 жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы күшіне енді.

«Біздің түпкі мақсат – 2030 жылға қарай дамыған елдердің деңгейіне жету және 2030 жылға қарай тұрғын үймен қамтамасыз етуді жан басына шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу. Президент тапсырмасына орай алдағы жылдары тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемін қысқартпай, жыл сайынғы өсімді сақтап қалу және 2030 жылға қарай 111 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үйді енгізуді және 1 млн отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланды» дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары.

Сондай-ақ биыл қаңтар-нау­рызда орындалған құрылыс көлемі 16,9 пайызға өсіп, 1014,8 млрд теңгені құраған. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы (былтырғы қаңтар-наурыз аралығымен салыстырғанда) 7,4 пайызға көбейіп, 3729,1 мың шаршы метрді құрап отыр. Ал Астанада биылғы жарты жылдықта 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, өсім – 6 пайыз) пайдалануға берілген.

Олар Астана туризміне үлес қосты

Елордада ерекше сәулетімен, өзіндік технологиясымен және тарихи маңызымен келуші назарын аударатын таңғажайып ғимараттар бар. Мұның барлығы – сәулетшілер мен құрылысшылардың еңбегі.

Айта кетсек, бас қаладағы «Бәйтерек» – қаланың және бүкіл ел символы. Биіктігі – 97 метр. Бұл ел астанасының 1997 жылы көшірілгенін білдіреді. «Хан Шатыр» көпфункционалды кешені де қазақтың көшпелі мәдениетін бейнелейтін орын. Мұнда сауда орталығы, мейрамхана, ойын-сауық орны, тіпті жағажай бар. Елдің әр өңірінен келушілерден бөлек, туристерді тамсандырған Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті де осы санатқа қоса аламыз. Мешіттегі бас күмбездің биіктігі – 90 метр, ал мұнаралары – 130 метр. Сыйымдылығы 30 мың адамға дейін жетеді. Маңызды құрылыс жобаларының бірі болған нысан – ЭКСПО алаңы. Мұнда биіктігі 97 метр болатын әлемдегі ең үлкен шар тұр. Бұл – Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің символы. Оған қоса, 174 гектар аумақта тағы 37 нысан бар. Олардың барлығы «жасыл технологиялар» арқылы салынған. Ал «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені – Орталық Азиядағы ең биік ғимарат. 75 қабаттан тұрады. Кешен «қала ішіндегі қала» ретінде жобаланған. Мұнда да супермаркет пен киім дүкенінен бастап сұлулық салоны мен балаларға арналған ойын-сауық алаңы бар.

Олар қиындықта елмен бірге

Құрылысшылар еңбегі мұнымен тоқтамайды. Елдегі дауыл, көшкін, су тасқыны, сел, жер сілкінісі, орман өрті сияқты табиғи апаттардың қаупі жо­ғары екенін ескерсек, мұндай жағдай халыққа айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Әсіресе адамдар үй-жайсыз қалып кететін жағдай көп. Мысалы, Арыс қаласындағы 2019 жылы болған жарылыс. Оқ-дәрі қоймасындағы жағдайдан кейін барлық өңірден келген құрылысшылар қаланы уақытында қалпына келтірді. Деректерде бұған 3 мыңға жуық адам қатысқаны айтылады. Төтенше жағдай нәтижесінде 7,6 мыңнан астам ғимарат (оның ішінде 500 нысан қайта салынды, 7155 үй жөнделді) пен 66 әлеуметтік нысанның құрылысы қайта жүрген. Ал 2020 жылы Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 5 елді мекенде құрылысшылар қолтаңбасы бар. 1000-ға жуық тұрғын үй мен 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина мекемесі және мәдениет үйі қайта жаңғырды. Осыдан 2 жыл бұрынғы апат та ел есінде. Қостанайдағы ірі орман өртінен зардап шеккендерге 90-нан астам тұрғын үй салынды. Ал өткен жылғы су тасқынының зардабы әлі тарқаған жоқ. Дегенмен Үкіметтің ширақ қимыл­дауымен 11 өңірде 19360 тұрғын үй қалпына келді. Бұған 5663 құрылысшы мен 577 техника жұмылдырылған.

Жалпы құрылыс көптеген жұ­мыс түрін қамтитын кең ұғым екені белгілі. Тек жоғарыда айтылған нысандардан бөлек, өнеркәсіп объектілері (зауыт, фабрика, өндіріс базасы), энергетика (АЭС құрылысы, ЖЭС, электр желісі), гидротехника (бөгет, су-электр станциясы), көлік инфрақұрылымы (жол, көпір, теміржол), мұнай-газ құбырлары және т. б. құрылысты жүргізуде сала мамандарының қызметі орасан зор.

Былтырғы дерекке сүйенсек, құрылыс саласында 650 мыңға жуық жұмысшы, 53 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Айта кетейік, құрылысшылардың кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде тойланады. Дәстүр бойынша бұл күні сала ардагерлері, алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары мен еңбек сіңірген қызметкерлер марапатталады. Осы мақсатта «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы тағайындалған.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button