Әлеумет

JOLTAP: көпбалалы әйел өз кәсібін қалай ашты?

Астанада JOLTAP жобасы елорда тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыруда. Жоба азаматтарға заманауи мамандықтарды меңгеруге және таңдаған бағытында сенімді дамуға көмектеседі. Бағдарлама түлектерінің бірі – Сания кәсіби деңгейде тігіншілікті үйренуі оның дамуында маңызды қадам болғанын айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сания – бес баланың анасы. Ол тоғыз жылдан бері тұсаукесер, сүндет той, қырқынан шығару және басқа да қазақтың ұлттық дәстүрлерін безендірумен айналысып келеді.

«Ұлым бір жасқа толғанда, оған арнап үлкендеу етіп, «1» санын жасап бердім. Кейін ол санды біреу сатып алды. Осыдан кейін алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Міне басы осылай басталды», – дейді Сания.

2016 жылдан бастап ол жеке тапсырыстар қабылдап, ассортиментін біртіндеп кеңейтіп келеді. Бүгінде оның портфолиосында дәстүрлі іс-шараларға арналған түрлі сәндік бұйым түрлері бар. Киім тікпегеніне қарамастан, Сания үнемі жұмыстың барлық кезеңін тереңінен түсінуге және барлығын өз қолымен жасауға талпынып келген.

«JOLTAP жобасы туралы әлеуметтік желіден білдім. Өзім тігін тігуді үйренетін уақыт келді деп ойладым, әсіресе шапан, камзол сияқты ұлттық киімдерді тіккім келеді. Бұл – күнделікті айналысып жүрген ісім, бірақ әзірге оларды басқаларға тапсырыспен тіктіріп келемін», – дейді ол.

Санияның айтуынша, курс оның ойлағанынан асып түсті.
«Бәрі қалай ұйымдастырылғаны қатты ұнады. Материалдар, оқу орны, қарым-қатынас – бәрі жоғары деңгейде. Су, бахила, кондиционер сияқты ұсақ-түйек те жайлылық туғызып, бізге жете көңіл бөлінгенін көрсетеді. Ал оқытушы – өз ісінің кәсіби маманы, бәрін түсінікті етіп түсіндіреді. Біреу түсінбей қалса, қайталап, іс жүзінде көрсетіп береді», – дейді Сания.
Жуырда ол тігін машинасы мен мата торлауға арналған машина сатып алды. Қазір техникамен жұмыс істеуді белсенді түрде меңгеріп, алғашқы жеке бұйымдарын тігуге дайындалып жүр.

«Бәрін кеше ғана орнаттық. Алдағы уақытта жастық, оның тысы, балаларға арналған костюмдер тігіп көргім келеді. Кейін үлкен тапсырыстар алсам деймін, мүмкін, балабақшадан немесе мектептерден тапсырыс түсіп қалар. Арманым – жұмыс орындарын ашып, командамен бірге еңбек ету», – дейді ол.

Санияның айтуынша, JOLTAP секілді бастамалар түрлі салада дамуға ұмтылған, бірақ оған мүмкіндігі бола бермейтін жандар үшін өте қажет.

«Балалы отбасыларда ақылы оқуға жағдайы жете бермейді. Ал бұл – білім алып, өзіңді жаңа істе сынап көруге нақты мүмкіндік. Осындай тәжірибе берген жоба ұйымдастырушыларына өте ризамын. Бұл – шын мәнінде алға қарай серпіліс», – дейді Сания.

Санияның оқиғасы – қызыққан ісіңді табысты кәсіпке айналдырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға мүмкіндік бар екенінің дәлелі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button