Астанада 125 сарбаз Отан алдында ант берді

Елордадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке жаңадан шақырылған жас сарбаздардың салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл — олардың әскери өміріндегі алғашқы маңызды кезең ғана емес, сондай-ақ Отанды қорғау жолындағы жоғары жауапкершіліктің символына айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл әскери бөлімге Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қостанай және Павлодар облыстарынан 125 жас сарбаз келіп қосылды. Мемлекеттік Әнұран үнімен ата-аналарының, ардагерлер мен командирлердің алдында олар әскери борышын адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.
Әскери бөлім командирі, полковник Ерлан Буранбаев өз сөзінде әскери анттың Отан қорғаушы болуға бастайтын қасиетті жол екенін атап өтті:

Қатардағы Расул Сапарбек шырқаған «Ана» әні ерекше әсерге бөледі. Әсіресе баласын әскерге шығарып салған аналардың жүрегін тербеді.

Салтанатты шарада 6636 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник Феликс Дульский мен запастағы майор Инсафитдин Гареев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға рух биіктігін, төзімділік пен әскери антқа адал болуларын тіледі.
Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі, таулы Қарабахтағы ұрыстардың қатысушысы Евгений Лавренюк жас сарбаздарға арнаған сөзінде әскердегі қызметтің маңызын атап өтіп, өз жауынгерлік тәжірибесімен бөлісті. Ол әскерде ең маңыздысы — бірлік, өзара қолдау мен өз күшіңе сену екенін айтты. Ұлттық ұландағы қызмет жас сарбаздар үшін ерлік пен өмір мектебі боларына сенім білдірді.
Жас сарбаздардың бірінің әжесі — Зақыт Калямова ата-аналар мен туыстар атынан сөз сөйлеп, жасөспірімдердің азаматтық жолға аяқ басқанына мақтаныш білдіріп, сарбаздарға мықты денсаулық, табысты қызмет пен абыроймен елге оралуын тіледі.
Шара соңында 2025 жылдың 1-шақырылымындағы сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім өткізді. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін сарбаздар мен ата-аналар естелік суретке түсті.