Енді еңбек шартын онлайн рәсімдеуге болады

Қазақстанда еңбек шарттарын қашықтан жасау тетігі енгізілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин жұмыспен қамту саласындағы цифрлық шешімдер туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оның айтуынша, бұрын жұмысқа орналасу процесінде әңгімелесу үшін жұмыс берушіге міндетті түрде жеке бару, қағаз құжаттардың толық пакетін ұсыну және қағаз түрінде еңбек шартына қол қою талап етілетін.
— Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы қажетті құжаттардың 90%-дан астамы автоматты электронды түрде қалыптастырылады және тартылады. Еңбек шарты электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы қашықтан жасалады, жеке бару қажеттілігін болдырмайды, — деп түсіндірді Қаныш Төлеушин бүгінгі Үкімет отырысында.
Бұл жаңалық 9,5 миллионнан астам еңбекке қабілетті адамды қамтиды және қызмет көрсетуге кететін уақытты 3 күннен 5 минутқа дейін қысқартты.
Айта кетейік, елімізде зейнетақы да автоматты түрде тағайындалатын болды.
Жұмыссыздық мәртебесі автоматты түрде анықталып, проактивті түрде бос жұмыс орындары ұсынылады.