Қала мен сала

Қайғылы жағдайдың алдын алайық!

Елордада балалардың терезеден құлап кету оқиғасы әлі де азаймай тұр. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы басшысының міндетін атқарушы Жанат Камерденов айтып, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін тұрғындарға қандай сақтық шараларын сақтау керектігін түсіндірді.

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалар күн жылы кезде жиілей түседі.

– Күн жылына салысымен терезелерді ашып қойып жатады. Дәл осы уақытта балалар құлап кететін жағдайлар басталады. Кей күндері төрт балаға де­йін құлап жатса, кейде бір балаға қатысты жағдай тіркеледі. Бұдан ешкім сақтандырылмаған – бұл жаңа тұрғын үйде де, ескі көпқабатты үйде де болуы мүмкін. Терезесі бар кез келген үйде бала қараусыз қалса, терезеде арнайы қорғаныс құрылғылары болмаса, мұндай жағдайдың болуы әбден ықтимал. Қалада белгілі бір ауданға ғана тән жағдай деп айтуға келмейді. Балалар екінші қабаттан да, он төртінші қабаттан да құлап жатады, – дейді Ж.Камерденов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай қауіптің алдын алуға арналған түрлі құрылғы бар.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған арнайы техникалық құралдар – темір торлар, тіпті қорғаныс торлары да қолданылады. Арнайы күшейтілген маса торлары бар, оларды өте мықтап орнатады, тіпті ересек адам да сындыра алмайды. Сонымен қатар терезенің ашылуын шектейтін арнайы қорғаныс сымдары бар, оларды орнату арқылы терезені толық ашуға мүмкіндік болмайды, – деді ТЖД өкілі.

Сондай-ақ ол ата-аналарды балалармен терезе жанында ойнаудың қауіптілігі жайында сөйлесуге шақырды.

– Терезе маңына жиһаз, орындық, үстел қоймау керек. Балаларды пәтерде жалғыз қалдырмаңыздар, бүлдіршіндер үйде болған кезде терезелерді қатты ашып қоймаңыздар. Балалардың терезе алдына шығуына жол бермеңіздер. Қауіптің алдын алу үшін арнайы техникалық құралдарды қолданыңыз­дар, – деді Ж.Камерденов.

Жалпы баланың терезеден құлап кетуіне себеп болған ата-аналар немесе қамқоршылардың әрекеті нақты жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі түрлі бап бойынша жа­уапкершілікке тартылуы мүмкін. Мысалы, егер бала қараусыз қалып, терезеден құлап кетсе, бұл ҚК-нің 125-бабы – «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша қаралуы мүмкін. Ал егер баланың жарақаттануына ата-ананың немқұрайдылығы себеп болса, бұл ҚК-нің 156-бабы – «Тәрбие беру міндеттерін орындамау» бойынша саралануы ықтимал.

Мамандардың мәлімдеуінше, көп жағдайда балалардың құлауы олардың ата-анасының қарауынсыз қалу себебінен орын алады. Қайғылы жағдай болмас үшін алдын алып, кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаған жөн. Сондай-ақ барлық жиһазды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қою қажет. Терезедегі москиттік торларға сенбегеніңіз абзал. Олар құлаудан сақтауға арналмаған. Керісінше, москиттік тор қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады, балалар москиттік торларды қауіпсіз деп ойлайды және терезеге сүйенгендей сол торларға сүйенеді. Ең сапалы тордың өзі баланың салмағы мен қысымды көтере алмайды. Егер балаңыз бөлмеде болса, терезені және балкон есігін ашпаңыз. Жоғарғы желдеткіштерді немесе тік желдету режимін пайда­ланыңыз. Бала терезені өз еркімен аша алмау үшін терезеге арнайы бекіткіштер орнату қажет.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button