
Мен Айсұлу Жолтайқызының жазған көркем дүниелерін қадағалап оқып отырамын. Ол – талантты жас, ізденімпаз қалам иесі. Соңғы жылдар ішінде көптеген тартымды туындылар туғызып, өз талантын көрсете білді.
Ерекше риза болатыным – өзінің көркем дүниелерін екі тілде, қазақ және ағылшын тілдерінде еркін жазып жүргендігі. Айсұлудың қазірге дейін мектеп жасындағы оқушыларға арналған үш бірдей кітабы баспа арқылы шығып, жас оқырмандар қолына тиді: «Құрбы қыздар құпиясы» (2019), «Таныстар татулығы» (2022) және «Құстар тілі» (2024) секілді балаларға арналған кітаптарында хикаяттар, әңгімелер, ертегілермен қабат балаларға арналған драмалық шығармалары да бар.
Айсұлу Жолтайқызының шығармалары республика көлемінде өткізіліп келе жатқан әдеби конкурстарда да бірнеше рет аталып өтті. «Құрбы қыздар құпиясы» атты повесть-фэнтези шығармасы үшін 2019 жылы республикалық «Рух» бәйгесінің бас жүлдесін алса, «Сымбат және Сұлужан» пьесасы «Тәуелсіздік толғауы» конкурсында оза шапты. «Ауылым – алтын бесігім», «Ұлы дала» т.б. конкурстарда да өз шығармаларымен топ жарды. Сондай-ақ ағылшын тілінде жазған дүниелерімен шетелдік байқауларға да қатысып, әлемнің ең таңдаулы жазушыларының балаларға арналған шығармаларын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де шұғылдануда. Қазақ ұлтының руханияты мен әлемдік руханияттың сабақтастығы жайында ой толғап, көптеген публицистикалық мақалалар да жазды, жазып та келеді.
Балалар жазушысы Һәм драматург Айсұлу Жолтайқызы осы заманғы жастар арасынан ерекше көзге түсіп жүрген талантты қалам иесі болып келе жатқанын соңғы кітабы – «Құстар тілінен» де анық байқағандаймыз.
«Құстар тілі» алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Құстар тілі» атты хикаяты берілген. Бұл шығармада бүгінгі өмір шындығы да, аздаған фэнтези элементтері де араласқан. Ақ көгершін мен көк көгершіннің айнымас достығын көрсете отырып, балаларды мейірімділікке, бауырмалдыққа және шыншылдыққа жетелейді. Шығарма өте тартымды оқылады. Кітаптың екінші бөлімінде «Ақ әже» атты әңгімелер топтамасы берілген. Автор мұнда да әжесі мен немересі арасындағы сыйласты сезім арқылы адами қасиеттерді көрсетуге тырысқан.
Кітаптың үшінші және төртінші бөлімінде ертегілер мен драмалық туындылары беріліпті.
Жинақтағы бесінші және алтыншы бөлімді жас қаламгердің табиғат пен тіршілік туралы ой-толғамдары мен эсселері құрайды. Мұнда да жас бүлдіршіндерге ой салар мағыналы түйіндемелер баршылық екен.
Біздің ойымызша, Айсұлу Жолтайқызының «Құстар тілі» кітабы жас оқырмандардың жүрегіне жол тауып, өте оқылымды кітапқа айналатын сияқты. Соңғы жылдар бедерінде балаларға арналған шығармалар азайып кетті, балалар жазушылары жоқтың қасы деген дабыл сөз көп айтылып жүр. Бір жағынан, жаны бар сөз. Алайда ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Оның дәлелі – кейінгі кездері бірсыпыра аға буын қаламгерлердің де балалар тақырыбына орала бастауы болса, екінші жағынан жастар арасында да өте талантты қаламгерлер қаулап өсіп келе жатқандығы. Солардың бірі – біз сөз етіп отырған, балаларға арнап жазып жүрген жазушы Айсұлу Жолтайқызы.
Ділдар МАМЫРБАЕВА,
«Алаш» сыйлығының лауреаты,
балалар жазушысы