Жас буын бос отырмайды

Бас қалада жазғы маусым басталғалы бір айдан астам уақыт өтті. Елорда көшелері өзге мезгілдердегідей емес, қазір қарбаласқа толы. Әсіресе, ауыл-аймақ пен басқа елден келген қонақтардың көптігін байқайсыз. Ал астаналық мектептер мен колледждер оқу жылын аяқтап, өз шәкірттерін жазғы каникулға аттандырғалы да біраз уақыт болған. Ал осы жерде аталған буынның үш айлық демалысы қалай өтуде? Лагерьлерден бөлек, балалар мен жастар уақытын тиімді өткізу қалай жүзеге асып жатыр? Арнайы жауапты орындардан анығын білдік.
Лагерь: Бала қауіпсіздігі – басты назарда
Жазғы демалыс кезінде Астана қаласы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам баланы арнайы демалыспен қамту жоспарланған. Жалпы білім беру ұйымдарының жанынан 92 мектеп лагері (55 200 оқушы), 192 бейінді лагерь (11 520 оқушы), 10 тақырыптық жоба (142 298 оқушы) және бір қала сыртындағы лагерь (1 400 бала) ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Биыл 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығының ашылған еді. Жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 200 бала, жазғы маусымда жалпы 1 400 бала демалады деп жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер жұмыс істейтін болады.
«Балалардың демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған орай білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен нұсқамалар, семинарлар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы туралы жадынамалар таратылды» деп жазады Астана қалалық білім басқармасы.
Жобаға 100-ден аса мектеп қатысуда
Биыл 27 мамыр күні Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен әрі Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Студенттік құрылыс» және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті ХXI еңбек маусымы ашылды. Жалпы аталған бағдарлама республиканың барлық өңірінде және Астанада жүзеге асырылады. Бағдарлама шыққалы 20 жылдан бері Астана қалалық «Жасыл ел» штабы елордада елеулі еңбек атқарып, 14 және 35 жас аралығында жұмыссыз жастар мен студенттерді, сондай-ақ ересек оқушыларды жазғы еңбек маусымында жұмысқа орналастырып келеді.
«Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 14 пен 35 жас аралығында 5200-ге дейін адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды (14 жастан бастап) жазғы уақытта жұмысқа орналастыру көзделген. Жобаға қатысатын барлық жастар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Олар қаланы көгалдандыруға, саябақтар мен мектеп аумақтарын тазартуға көмектеседі. Екіншіден, жобада жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдер ҚР Еңбек кодексіне сәйкес күніне 4 сағат жұмыс істейді. Осы жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы басталып кетті. Қатысушылар қаламыздың құрылыс нысандарына, қала маңындағы «жасыл белдеуде», әлеуметтік нысандарды, жалпы білім беретін мекемелер аумағында, қала саябақтарына, көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылады. Ал біздің биылғы ұранымыз – «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» деп аталады» дейді «Жасыл ел» жоба жетекшісінің орынбасары Асылбек Абдурашитов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде биыл «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялаған болатын. Бұл қазіргі еңбекқор және талантты жастардың батыл бастамаларының іске асуына негіз болмақ. «Жасыл ел» қозғалысы Президент бастамасын толығымен қолдап, сондай-ақ елдің одан әрі дамуы үшін бар күшін салуда.
«Жыл сайын «Жасыл ел» жасақтары қатарындағы жастар қатары артып келеді. Айталық, 2022 жылы 1200-ден астам жас жұмыспен қамтылған болса, былтыр жазғы маусымда 4200-нан астам адам жұмыс істеді. Ал биыл 5200-ден астам жасты жұмыспен қамтылатынын айттым. Сондай-ақ «Жасыл ел» қозғалысы – 2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астанада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, артынша еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын» дейді Асылбек Бахытбекұлы.
Оның сөзінше, жобаны іске асыруда көптеген серіктес ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында «Bazis Construction» ЖШС құрылыс компаниясы, «Астана-Зеленстрой» АҚ және де бірқатар құрылыс нысандары мен қаламыздың барлық бақ және саябақтар бар. Оқушылар мен студенттерді жобаға тартуда 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындарымен меморандум жасалған.
«Жасыл ел» жобасына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл – тек жұмыс емес, мен үшін үлкен тәжірибе. Жаңа достар таптым. Біз бірге ағаш отырғызып, айналаны тазалап, табиғатты қорғап жатырмыз. Ең бастысы, елімізге пайдамыз тиюде. Менімен бірге достарым да табиғатқа қорған болып жүр. Болашақта да осы салада өз мамандығымды байланыстырғым келеді. Менің ойымша, әрбір жас осындай игі іске атсалысуы тиіс» дейді қаладағы №106 Жайлы мектептің 10-сынып оқушысы Нұрай Дүйсенғалиева.
Мақсат – елорда тазалығы
Расымен де аталған жоба 20 жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятқандай. Әсіресе, олар елорданы жасыл желекке айналдыруда өздерінің бар жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырды. Әрі көп жұмыссыз жастар мен студенттер жазғы еңбек маусымында жұмысқа орналасып келді.
«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз мақсатынан тайған емес. Қаншама студенттер мен оқушылар бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, елге қызмет істеуде. Бiр жағынан, өз өлкесін гүлдендiруге, көгалдандыруға атсалысса, екiншiден, әрбiр жас өзiнiң бос уақытын игі іске жаратып жатқаны қуантарлық жайт болып отыр. Мысалы, 11 маусым күні Астана қаласының Байқоңыр ауданында «Жасыл ел» жобасы жастарының қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен «Таза сәрсенбі» экологиялық акциясы өтті. Сонда жүзден астам жас буын аумақтың жан-жағын ретке келтірді» дейді А.Абдурашитов.
Ал келесі күні елордадағы Индустриялық парктің солтүстік-батыс аумағында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының қолдауымен «Жасыл ел» еңбек жасағы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын да өткізген. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткен акцияның мақсаты – елорда тазалығығымен қатар, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау мен оған ұқыпты қарау, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге назар аударту, қоғамға үлгі болу арқылы экосананы ояту болып отыр.
Сол күні жүзден астам студент мен оқушы аумақтың жан-жағын ретке келтіріп, қоғамдық орындарды қоқыстан тазалап, қоршаған ортаның тазалығы мен сұлулығын сақтауға өз үлестерін қосқан.
«Артынша «Astana Invest» орталығы Индустриялық паркке арнайы таныстыру экскурсиясын ұйымдастырды. Яғни жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өндірістік салаға деген қызығушылықты ояту, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдар беруге ықпал ету мақсатымен осы шараны өткіздік. Экскурсияда Индустриялық парктегі құрастыру, өндірістік құрылыс және жоғары технологиялы зауыттардың жұмысы көрсетілді. Біздің қыз-жігіттер өндіріс процесін көзімен көріп, зауыттардың заманауи технологиялармен жабдықталу деңгейін тамашалады. Әсіресе, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар, металл конструкцияларын құрастыратын өндіріс орындары және жоғары технологиялық автоматтандырылған зауыттардың ішкі жұмысы біздің еңбек жасағын өте қатты қызықтырғандай» дейді «Жасыл ел» жоба жетекшісінің орынбасары.
Экскурсия барысында студенттер мен оқушыларға арнайы кәсіби бағыт-бағдар беру сессиялары, тәжірибелі инженерлер мен зауыт басшыларымен кездесу, сұрақ-жауап алаңы қамтылған. Әрі мұндағы инвестициялық жобалар мен болашақтағы жұмыс орындары туралы кең ақпарат та беріліпті.
Ержан ҚОЖАС