Есіл бойын ән баурап…

Бас қалада Астана күнін мерекелеу аясында «Filarmonia Fest-2025» музыкалық фестивалі үш күн бойы дүркіреп өтті. Жоба қазақстандық музыкалық мәдениетті танымал ету, отандық өнердің гуманистік және рухани бағдары арқылы халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу және көркем шығармашылыққа баулу мақсатында ұйымдастырылды. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұсынған өнер кештеріне астаналық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарымен қатар, елордадағы ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет мектебі, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы мен Иса Байзақова атындағы Павлодар облыстық филармониясы қатысты.
Фестиваль филармония ғимаратының алдындағы алаңнан басталып, Есіл өзенінің жағалауын көктей өтіп, «Серуен» көпірі бойымен және «Астана» саябағында жалғасқан, Амфитеатр аумағында аяқталған шерумен басталды. Оған астаналық филармония ұжымдары қазақ оркестрі, «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Қорқыт» этно ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Alem» заманауи би балеті, камералық хор, үрлемелі оркестр, филармония солистері қатысты.
Музыка мерекесі аса көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» концертімен ашылды. Амфитеатрда өткен кеш барысында қазақ оркестрі, үрлемелі оркестр, «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Қорқыт» этно ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі және «ALEM» заманауи би балеті өнер көрсетті. Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Естай Мұқашев, Ұлықпан Жолдасов, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, Мәдениет саласының үздіктері Секен Сыздық, Берік Омаров, Алтыншаш Мұқатаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Құралай Мейрамбек, Әкімхан Мәженов, Нұржан Мейірхан, Диана Май, Парасат Отан, Мұратбек Хайролда Шәмшінің «Сен сұлу», «Ана туралы жыр», «Сағынышым менің», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», т.б. өлмес туындыларын әуелетті.
Екінші күні фестиваль «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты лекция-концертімен жалғасты. Іс-шара барысында балалар ұлттық музыканың ерекшеліктерімен танысып, халық аспаптарының құрылысы мен дыбысталуы жайлы мол мағлұмат алды. Музыкалық туындылардың орындалуымен қатар, интерактивті форматта өткен бұл концерт жас көрерменнің таным көкжиегін кеңейтіп, өнерге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
Әйгілі неміс композиторы Карл Орфтың «Кармина Бурана» туындысы орындалған кеште астаналық филармонияның симфониялық оркестрі тізгінін әйгілі еуропалық дирижер, Болгария Мемлекеттік операсы мен Хорватия Ұлттық театры оркестрлерінің көркемдік жетекшісі Диан Чобанов ұстады. Концертке Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры, И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының камералық хоры, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының камералық хоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаттары Фируза Рахметова (сопрано) және Талғат Аллабиринов (тенор) қатысты.
Фестиваль Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы алаңында өткен балаларға арналған «Музыка балалар көзімен» атты сурет байқауымен түйінделді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ