26 маусым – Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні

Бүгін әлемде Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні аталып өтуде – бұл адамзатқа қарсы жасалатын жантүршігерлік қылмысты бүкіл халықаралық қауымдастық болып қатаң айыптайтын күн, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Біз азаптаудың қорқынышын бастан өткерген барлық жандарды еске алып, оларға қолдауымыз бен ынтымақтастығымызды білдіреміз. Мұндай ауыр сынақты өткерген әрбір адам тек жанашырлыққа ғана емес, әділ қарым-қатынасқа, оңалтуға жәрдем мен өз құқықтарының қорғалуына толықтай лайық.
2013 жылы Қазақстан Азаптауға қарсы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осы құжаттың аясында елімізде Ұлттық алдын алу тетігі құрылды. Оның негізгі міндеті – жабық мекемелерге тәуелсіз түрде барып, азаптаудың алдын алу.
Бүгін біз азаптаудың қандай жағдайда болсын адам қадір-қасиетін өрескел бұзатын әрекет екенін тағы бір мәрте қатаң мәлімдейміз. Мұндай қылмыстардың түбегейлі жойылуы және оған жол бергендердің әділ жазаға тартылуы үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.