Қоғам

Ортақ үйімізді қалай күтіп ұстаймыз?

Ажарлы астанамыз, бақуатты бас қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Айналамызға қарасақ, әп-әдемі қала, жап-жасыл желек, тап-таза көшелер, абаттанған аулалар. Адам баласы бақытты өмір сүруі үшін қажетті нәрселердің бәрі бар. Бірақ біз осынау көрініске (тазалық, тәртіп, әсемдік, даралық, ұқыптылық) тамсана отырып, мұндай игілікті, құндылықты кімдердің адал еңбегімен жасап беріп отырғанына назар аудармаймыз. Бұл – алатаңнан қара кешке дейін, тәулік бойы тазалық пен тәртіп үшін аянбай тер төгетін еңбексүйгіш жандардың ерлікпен барабар еңбегінің нәтижесі.

Тазалық – медениеттің мәйегі

«Адам еңбек етуге, маңдай тері сорғалап жұмыс істеуге тиіс, ол кім болса да, оның өмірінің мағынасы мен мақсаты, оның бақыты, оның шаттығы тек сол еңбекте ғана» депті орыс жазушысы Антон Чехов. Расында да адал, таза еңбек қана адам баласының жанын айқындыққа, жарасымдылыққа және өзіне-өзі ризалық сезімге кенелтіп, бақытты ете алатыны айдан анық. Мінеки, осындай дене еңбегімен айналысып, ортақ үйіміздің бет-бейнесін, тазалық мәдениетін қалыптас­тыруға өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар – көше тазалаушылар. Олар көшелер мен тротуарлардағы күл-қоқысты жинап қана қоймайды. Тазалық пен тәртіп әдебін қалыптастырады. Қала мәдениетін дамыту идеологиясын насихаттайды. Тазалық дегеніміз – қоғамға құрмет, мәдениеттің мәйегі, үйлесімділіктің үлгісі.

«Астана Тазалық» мекемесінің жұмысшылары жылдың төрт мезгілінде: қыстың аязы мен көктемнің батпағында, жаздың шаң-тозаңы мен күздің қара суығында тәулік бойы еңбек етеді. Олар демалыс, мереке күндері де жұрт құсап, төсегінде алаңсыз ұйықтап жатпайды. Бас қаламыздың тазалығы мен көркі үшін қолынан сыпырғышы мен шелегін тастамайды. Ағаштарды күтіп-баптап, арықтарды тазалап жүреді. Олар – көзге көрінбейтін тазалық майданының сарбаздары. Бұл – күнделікті атқаратын жұмыс қана емес, туған қалаңа, туған еліңе, өз ұлтына қызмет ету.

Таза Қазақстан – өмір салтымыз

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық пен тәртіп мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Соның бір дәлелі – өткен жылы «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасын іске асыруға тапсырма берді. «Таза Қазақстан» экологиялық фес­тивалі аясында елордадағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш егіп, тазалықтың мәні мен мағынасы туралы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік нау­қан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деді саябақта сөйлеген сөзінде Президент.

Сол жиында Мемлекет басшысы табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті екеніне назар аударып мынадай ойын айтты: «Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» науқанының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді». Ақиқатында «Жұмыс – менің бірінші рақатым» деген көше тазалаушының еңбегін құрметтеу, лайықты бағалау – әрбір қала тұрғыны мен қонағының міндеті болуы тиіс. Президент атап айтқандай, тұрғындар тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдырғанда ғана нақты нәтижеге жетеміз. Ол үшін тазалық мәдениетін Отанды сүю, ұлтыңа адал қыз­мет ету деген ұғымдармен қатар қояйық. Сол кезде қала мәдениеті өзгеріп, сана-түйсігіміз кемелденеді. Оның арғы жағында «Бір тұрғынның мәдениеті – қаланың келбеті» деген қағидат қалыптасады.

«Астана Тазалықтың» мәртебесін көтереміз десек…

2008 жылы құрылған «Астана Тазалық» компаниясында 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ол еліміздегі ең ірі коммуналдық мекемелердің бірі болып табылады. Қарапайым жұмысшылар, арнайы техника жүргізушілері, инженерлік-техникалық қызметкерлер күні-түні тазалық пен тәртіпті күзетеді. Кәсіпорын 500-ден астам арнайы техникамен жабдықталған. Астанатазалықтықтар елорданың Есіл, Алматы, Сарайшық, Сарыарқа, Байқоңыр, Нұра секілді алты ауданында санитарлық тазарту, қоқысты механикаландырылған тәсілмен жинау, су тас­қынының алдын алу секілді жұмыстарды атқарады. Көше, жол, алаң, тротуар және қоғамдық орындарды қолмен, механикаландырылған әдіспен тазалау жұмыстарында қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа әдіс­терді кәсіпорын кеңінен қолданып жүр. Диспетчерлік GPS бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Көшелерді тазалау цикліне тұрақты бақылау орнатылған. Бұл – 17 жылдағы жетістіктер.

Алайда «Астана Тазалық» тұрақты даму мен үздіксіз өсу жолынан таймауы үшін жұмысшылардың, инженерлердің, техниктердің мәртебесін көтере беруіміз керек. Бұл сала – беделді, табысты жандардың жұмыс орнына айналуы үшін белгілі бір кепілдіктер, артықшылықтар берілгені абзал. Өйткен себебі, көше тазалаушы болып жұмысқа орналасқан адам өзінің үй-жайы, жеке көлігі, балаларын оқытатын несие алу мүмкіндігін барын біліп, тұрақтап қалуы тиіс. Мысалы, Франция, Испания сияқты дамыған елдерде көше тазалаушыларға муниципалдық үйлер беріледі. Әлеуметтік үйді алу құқығы Францияның Конституциясында бекітілген әлеуметтік құқық болып саналады. Ал Испанияда шағын қалаларда әлеуметтік тұрғын үйлер көше жұмысшыларына тегін беріледі. Мінеки, осы үздік тәжірибелерді үлгі ете отырып, баспана алу мен жеңілдетілген несие алуды тұрғын үй туралы заңға я болмаса Ата заңымыз­ға енгізіп қойсақ, құба-құп. Әзірше «Астана Тазалық» басшылығы бұл бағытта өз қызметкерлерін қолдаудың жолдарын қарастыруда. Соның бірі – «Отбасы банкімен» бірлескен баспана беру тетігі. Компания жыл сайын 20 жұмысшысына тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлейді.

Көше тазалаушы – құрметті мамандық

Тазалық мәдениеті болуы үшін, біз ең алдымен, көше тазалаушыларға деген шынайы құрметімізді қалыптастыруға тиіспіз. Өркениетті елдерде көше тазалығының сақшылары – құрметті мамандық иелері. Ұлттық патриотизмнің түп-тамыры өзіңнің қалаңа, елдімекеніңе деген сүйіспеншілікте жатады. Біраз жылдар бұрын АҚШ-та болғанымда Вашингтонда бір апта тұрақтадық. Ағылшынша тілімді сындырмақ ниетпен күнде таңертең қонақүйдің ауласын сыпырып жүретін жұмысшымен тілдесемін. Джон есімді қарт адам бас қаланың тарихын зор мақтанышпен әңгімелейді. Қалалық мәдениеттің «носителі» болған сол қарияның: «Тазалық – ең басты байлық. Ол адамның денсаулығының, мәдениетінің, сұлулығының бір бөлшегі» деген сөзі ойымда қалыпты. Сол сапарда бір байқағаным – қонақүйдің жанынан өтіп бара жатқан әрбір адам Джонмен ерекше ілтипатпен сәлемдесті.

Бізге де керегі – осы мәдениет. Жасыратыны жоқ, біз күн сайын көше тазалап жүретін жандарға «екінші сортты» адамдар ретінде қараймыз. Қолымыздағы қоқысты жәшікке салмай, жанына лақтырып кетеміз. «Сонда бұлар не үшін жалақы алып жүр?» деп кейіс білдіріп, еңбегін бағалаудың орнына менмендік танытамыз. Бұл – біздің ішкі әдебіміздің, қала мәдениетінің төмендігінің бір белгісі. Бір адам осындай құлдық санада болса, ол – тұтас қоғамның көрсеткіші. Қазақша айтқанда, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Мұндай көзқарасты өзгерту үшін не істеу керек?

Не өзгеріс керек

Өзімнің ой-пайымдарыммен бөлісейін. Біріншіден, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар» жылында көше тазалаушылардың қаладағы ең бақытты адамдар екенін жаппай жұртқа көрсететін челендждерді, бейнероликтерді, подкасттарды, рилстарды көптеп жасап, Астананың орталықтағы телеэкрандарынан, автобустардан, БАҚ-тардан, әлеуметтік желілерден күнделікті насихаттайық. Себебі көше сыпырушылар мен ағаш суарушылар өзінің жақсы көретін әрі ерікті еңбегімен нан тауып жүр. Олардікі – кісіге тәбет пен көңіл тыныштандыратын қатты ұйқы беретін дене еңбегі! Бұл – қоғамдағы бақытты адамның басындағы күй.

Екіншіден, қоқыс тазалау­шыларға халық болып көмектесетін жүйені іске қосуымыз керек. Мәселен, Германияда көшеде жекеменшік автокөлігімен қозғалып бара жатқан зейнеткерлер қоқыс тастаған адамды ұялы телефонына жедел түсіріп алып, Тазалық мекемесіне жібереді. Арнайы қызметкерлер бұл оқиғаны тіркеп, тазалыққа көмектескен жандарға сыйақысын төлейді. Қазір цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде бұл іске бейнекамераларды пайдалануға болады. Алайда полиция камераға түсірілген әрбір оқиғаны жедел тексеріп, бақылап отыра алмайтыны анық. Яғни, тұрғындардың патриоттық сезімі, қаласына деген сүйіспеншілігі бірінші орынға шыққанда ғана іс оңға басады.

Үшіншіден, балабақша мен мектепте Тазалық пәнін оқулық ретінде жаппай енгізетін кез келді. Тазалық әдебі мен мәдениеті әрбір отбасынан бастау алады. Әкесінің немесе анасының қолындағы қоқысты кез келген жерге тастағанын көрген бала тазалық мәдениеті дегенді түсінбейді. Біз күн сайын телебағдарламаларға, радиоарналарға фонограммамен ән салып жүрген әншілерді емес, көше тазалаушыларды құрметтеп шақыруымыз керек. Олар күні бойы коммуналдық қызметте жүріп, басқа салалардан тыс қалады. БАҚ-тардан «Өмір салтымыз – тазалық» деген атаумен айдар ашып, қарапайым жұмысшылардың еңбексүйгіштігін, елсүйермендігін халыққа насихаттасақ ұтарымыз анық.

Төртіншіден, Корея, Жапония сияқты елдерде жылуды, суды үнемдеген ұжымдарға жалақысына сыйақы қосылатын үрдіс бар. Астанада ауласын, көшесін, аумағын таза ұстайтын мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын осындай тетіктерді іске қосуға болады. Қаланың мәдениеті ұжымдық шағын әдептерден, адамдардың ізгі әрекетінен құралады. Бір адам, я болмаса бір ұжым тазалықты қатаң сақтаса, сол іс-әрекет күллі қалаға жайылады. Бұл – дәлелденген заңдылық.

Бесіншіден, бізге Тазалық (аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, жасыл экономика және т.б. бар) туралы жаңа заң қабылдайтын уақыт жетті. Ол заңға Жапония, Қытай, Корея, Сингапур, Үндістан, Канада, Германия сияқты дамыған елдердің озық тәжірибесін үлгі етіп алуға болады. Бұрын Астанада көшеде, қоғамдық орында түкіріп-қақырған адамға жаза болмайтын. Қазір Әкімшілік құқық-бұзушылық кодкстің 434-2-бабы бойынша 39 320 теңге, іс-әрекет қайталанған жағдайға 78 640 теңге айыппұл салынады. 2024 жылдың 5 айында еліміз бойынша 61 мың адам жазаланған. Әйтсе де тұрғындар түкіруі мен қақыруын қояр емес.

Бұған тосқауыл қою үшін не істеуіміз керек? Әлемдік тәжірибеге үңілсек, жағымсыз әдеттен тез арылуға үйреткен тәсіл көп. Соның бірі – Үндістанның тәжірибесі. 2020 жылы ел үкіметі көшеде түкіргендерге 500 рупий (3 мың теңге) көлемінде айыппұл салатын заң шығарды. Ал Үндістанда індет кеңінен таралғанда бұл жазаны күшейтіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыратын болды. Қырғыз елінде насыбай атып, жерге түкірген адамға 5500 сом көлемінде айыппұл салады. Біздің ақшамен  есептесек –  30  мың  теңге! Әлемдік тәжірибеде түкірік пен  қақырыққа  қатаң  жаза қолданатын елдер көп. Лондонда байқаусыз­да көшеде түкіріп қойсаң, 100 фунт стерлинг (55 мың теңге) айыппұлыңды шытырлатып санап бересің. Ал өркениеттің ордасы атанған Сингапурға барсаң, аузыңа да, қолыңа да ерекше абай болуың керек. Өйткені сенің түкірігің я болмаса тастаған сағызың не өзге қоқысың үшін 1000 долларыңды қаланың қазынасына бересің. Несі бар, мұндай жазаға біздің түкіргіштер ойланып қалуы мүмкін. Меніңше, көшеде түкірген, қақырған немесе сіңбірген адамдарды ұстап алған полицейлер сол жерлерді жуғызуды заңға баттитып жазып қойса, мәселе өздігінен жедел  шешілетін еді-ау. Әлбетте, бұл – өз ұсынысым.

Бұдан бөлек, жаңа заңға санитарлық тазалық, экомәдениетті жылжыту, экологиялық білім беру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және тағы басқа мәселелер енгізілуі қажет.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button