Ел тынысы

Ұлттық медиа – халықтың үні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады. Мемлекет басшысы журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.

«Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекетімізде ауқымды өзгеріс­тер жасалуда, маңызды бас­тамалар жүзеге асырылып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын жалпыұлттық референдум арқылы Конституция­мызды жаңғырт­тық. Мемлекеттің бүкіл саяси жүйе­сін өзгертетін тарихи қадамдар жасадық. Елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Өкілді биліктің құзыреті күшейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі артты. ­Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Билікке саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау ісіне белсене араласатын болды. Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыз­дың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.

«Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табыс­ты дамуының басты факторына айналады. Алдағы іргелі өзгеріс­тердің ауқымын білген жөн. Өркениет көшінен қалмау үшін инновацияны барлық салаға қарқынды түрде енгізу қажет. Мемлекет басшысы ретінде осы іске баса мән беремін. Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналис­тиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналды. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Сіздердің жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдаланатындарыңызға сенімдімін. Бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Оқиға ортасынан шынайы ақпарат таратуда өздеріңізге мол жауапкершілік жүктелген. Мұны сезіне білу өте маңызды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, алма­ғайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.

«Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйек­ті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-­екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бес­аспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жыл сайын­ғы дәстүрге сай журналистерге ­Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иеленгендердің арасында белгілі қаламгер, «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы қызметкері, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан да бар. Сонымен қатар медиа саласының өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button