Ел тынысы

Стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-­пленарлық отырысын өткізді. Президент шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен оның халық­аралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы ретінде алдағы уақытта да қызмет көрсете беретінін атап өтті.

«Аталған форум жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Біз кеңестің белсенді қатысуымен елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз» деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.

«Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және ло­гистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді. Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 мил­лиард долларды құрайтын 137 инвестиция­лық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды. Инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі енгізілді. Биылдан бастап мемлекеттік органдар Бас прокуратураның алдын ала келісімінсіз ин­весторларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес.

«Біз Ұлттық цифрлық инвестиция­лық платформаны іске қостық. Ол инвестицияларға қатысты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, кеңес беруден бастап рұқсат алуға дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Бұдан бөлек, іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономикаға жеке инвестиция тарту үшін жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Құжат жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беруді және қосылған құны жоғары өнім экспорттау­шыларды қолдауды қарастырады» деді Президент.

Мемлекет басшысы инвесторлармен ықпалдастықтың перспективалы бағыттарына, атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.

«Тау-кен саласы еліміздің ­өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, ин­весторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды. Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегия­лық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз» деді ­Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвесторлардың табысты қызметін мысалға келтіріп, олардың жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырып, озық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.

Президент Қазақстанның көлік инфрақұрылымын кешенді жаң­ғырту арқылы стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға баса мән беретінін жеткізді.

«Жоспарға сәйкес, 2029 жылға де­йін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым темір жол салынбақ. Биыл «Достық – Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын темір жол іске қосылады. Жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық маңызды бағыт өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген» секілді бірқатар дәліздерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанның темір жолдары арқылы өтетін жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар автожол инфра­құрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты үш халықаралық ірі автожол қолданысқа берілді. Осылайша, еліміздегі халықаралық автокөлік дәлізі 1600 шақырымға артты. Бұл 2023 жылы ел игілігіне берілген жолдардан екі есе көп. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі» деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт ­Тоқаев мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз етуде басты рөл атқа­ратынына сенім білдірді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button