ӘлеуметБасты ақпарат

Ұлы даланың ұлағатты өлкесі

Осыдан тура 3 жыл бұрын, 2022 жылы маусым айында Қазақстанның картасында жаңа әкімшілік бірлік – Абай облысы пайда болды. Жыл сайын бұл өңірдің даму динамикасы тез өсіп, өз әлеуеті жоғарылай түсуде. Ашылып жатқан кәсіпорындар, бой көтерген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар – соның дәлелі. Мәселен, қазіргі кезде облыс 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған, жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 38 келешегі зор инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Мұндай өміршең жобалардың саны алдағы уақытта артатыны анық. Өйткені Абай елі инвесторларды өзіне белсенді түрде қызықтырып, тарта бастады. Жуырда Семейде Абай облысының әкімі Берік Уәлидің бастамасымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумға қатысып, осы ойымыздың дұрыстығына көз жеткіздік.

Жоғары әлеует – дамудың діңгегі

Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, отандық және шетелдік инвесторлар, Абай облысынан шыққан ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында 500-ге жуық кәсіпкер болды. Ал форум инвестиция тартуға келісім жасайтын және стратегиялық әріптестікті қалыптастыратын тамаша алаңға айналды. Біреулер бұл жерге инвестициялық әлеуетті көруге, екінші біреулер нақты жобаларды қаржыландыруға дайын ұсынысымен келіпті. Басқосу аясында отандық тауар өндірушілердің көрмесі, инвестжобалардың тұсаукесері, пленарлық сессия өтті.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Берік Уәли аймақтың артықшылықтары мен өміршең жобалар туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, географиялық жағынан қолайлы орналасуының арқасында Абай облысы Қытай, Ресей және Орталық Азияны байланыстырады. Бұл тұрғыдан алғанда, ірі халықаралық сауда дәліздеріне шығатын көлік-логистика хабын дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Алдағы жылдары өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – Аягөз-Бақты теміржолы мен құрғақ порттың құрылысы. Бұл – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор бастама.

«Бұл форум – өзара ой бөлі­сетін, пікір алмасатын, ең бас­тысы, болашаққа бірге қадам басуға мүмкіндік беретін алаң. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – Ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қас­терлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп атап өткен қасиетті Семей төріне келіп отырсыздар. Абай облысы – жаңадан құрылғанмен, әлеуеті жоғары аймақ. Табиғи ресурстары, еңбекқор халқы, өндірістік инфрақұрылымы мен географиялық орналасуы тұрақты дамуға негіз бола алады. Алайда осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенділігі ауадай қажет» деді ол.

Өңір басшысы 2024 жылы нақты сектордағы негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемі 575,3 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Оның негізгі үлесі – 436,5 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші – 775,3 млн АҚШ доллары.

«Былтыр 14,4 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып, 330 жұмыс орны құрылды. Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға салынатын жылдық инвестиция көлемі – 763,7 млрд теңге. 2025 жылы 31,1 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 767 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінге 1 млрд теңгеге 1 жоба іске қосылды. Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдарын кеңейтіп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион қағаз бен картон бұ­йымдары өндірісін іске қосады» деп түсіндірді әкім.

Абай облысы мал шаруа­шылығы қарқынды дамыған аймақ екені мәлім. Осы орайда, кеңес заманында ет өндіру мен экспорттаудан алғашқы үштікке кірген Семей ет комбинатын жаңғырту жұмыстары қолға алынғаны қуантады.

«Біз ТМД-дағы ет экспортының көшбасшысына айналуымыз қажет. Осы бағытта Жаңасемей ауданы Шақаман ауылында 15 мамыр күні «ЕвразияАгроСемей» ЖШС етті терең өңдейтін кешеннің құрылысын бастады. Жоба құны – 7,7 миллиард теңге, бір ауысымда 35 тонна ет өңделеді. Жылына 12,6 мың тонна дайын ет өнімдері (шұжық, консерві өнімдері, жартылай фабрикаттар, жоғарғы санатты ет деликатестері) шығарылады. Жоба аясында 7 мың қой, 10 мың ірі қара бордақылау алаңдарын салуға жобалау жұмыстары жүргізілуде» деп бөлісті жағымды жаңалықпен Берік Уәли.

Өңірдің тағы бір артықшы­лығы – туристік бағыттарды дамытуға мүмкіндік беретін ірі нысандар бар, соның бірі – Алакөл. Шипажай аймағында жыл сайын 200 мыңнан аса турист демалады.

«Туризмді дамыту үшін жаңа бас жоспар бекітіледі. Соның аясында туристік және жағажай аймағы кеңейеді. 200 гектардан астам аумақты қамтитын жаңа инвестициялық алаң құрамыз. Бұл аумақта қонақ үйлер, санаторийлер, қоғамдық тамақтану орындары, демалыс нысандары және өзге де туристік инфрақұрылым орналасады» деді әкім.

Өркендейтін өңірдің өміршең жоспары

Берік Уәли жиналған жұртқа облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін үшжылдық даму жоспары, негізгі бағыттары туралы егжей-­тегжейлі мағлұмат берді. Ол бүгінге дейін 50-ден астам шетелдік инвестормен кездесулер өткізіпті. Соның ішіндегі ең ірісі – мамыр айындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына барған сапар.

«Облыс делегациясы «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақ­тастық жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты. 20 кездесу өткізіп, жалпы сомасы – 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы сапардың нәтижесінде Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында «SUTO Kazakhstan» кәсіпорны қытай компаниясымен бірлесіп, жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін зауыттың құрылысын бастады. «XinYi Ltd» қытай компаниясымен қонақ үй, коммуналдық базар және жаңадан салынатын әкімшілік-іскерлік орталықтағы квартал құрылысы жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Семейдегі жер көлемі 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 4 жоба жүзеге асырылуда. Өңірімізге инвестициялық қызығушылық күн санап өсіп келеді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға деген қажеттілік жоғары. Сол себептен индустриялық аймақтың аумағын 600 гектарға дейін кеңейтуді қолға алдық» деді аймақ басшысы.

Облыстың инвесторларды қызықтыратын тағы бір тұсы – алтын, уран және өзге де кең таралған пайдалы қазбалардың 83 резервтік кен орнының болуы. Бұл фактор тау-кен металлургиясы мен құрылыс өнеркәсібін дамытуға берік негіз бола алады. Оған қоса, өткен жылы геологиялық барлау нәтижесінде жер қойнауынан бериллий, ниобий және иттрий сияқты сирек кездесетін металдар табылған. Бұл элементтер экологиялық таза энергетикалық технологияларды, соның ішінде электромобильдерге арналған батареялар мен жаңартылатын энергияны сақтау жүйелерін жасауға аса маңызды. Өңір басшысы Президенттің қолдауымен «Абайға құрмет» акциясының басталғанын, хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр аймағы бір-бір нысан салып беретінін жеткізді.

«Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары және Шымкент пен Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап та кетті. Қалған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтынын білдіруде» деді ол.

Әкімнің айтуынша, Семейде жаңа әкімшілік-іскерлік орталық бой көтереді.

«Аумағы 1000 гектарды қамтитын жаңа әкімшілік-іскерлік аумақтың ұзақмерзімдік тұжырымдамасы әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Жоба аясында 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік коммерциялық және әлеуметтік нысандар салынады. Олардың қатарында мәдениет, білім, медицина, спорт мекемелері, бизнес және сауда орталықтары, қонақ үйлер, мейрамханалар, жайлы қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен бульварлар бар. Бұл Абай облысының урбанистік келбетін айқындайтын стратегиялық якорлық жоба ретінде белгіленді. Біз әлеуетті инвесторларды «Smart City» жобасына серіктес ретінде қатысуға, бірлесіп дамуға және болашақ қаласын бірге салуға шақырамыз» деді Берік Уәли.

Туған жерге ту тіккендердің 15 мәмілесі

Пленарлық сессияда жиынға арнайы келген Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ринат Зайытов және Мақсат Толықбай, Сенат депутаттары Айнұр Арғынбекова мен Қайрат Тастекеев, «Agro Land Co» ЖШС бас директоры Ерлан Мұқашев, «KAZ Minerals» тобы басқармасының төрағасы Эль­дар Мамедов, «Сан Бао» сауда-­өнеркәсіп корпорациясының басқарма төрағасы Кан Хэпин, «Эйкос» ЖШС бас директоры Александр Соловьев, Yokohama және Triangle компанияларының Қазақстандағы ресми ­дистрибьюторы Сырымбек Тау, «Q4 Тұлпар» компаниясының басшысы Талғат Сақан, Ақтөбе, Түркістан облыстарының өкілдері сөз сөйлеп, нағыз елсүйермендік сезімнің қандай болатынын көрсетті. Нұртай Сабильянов абайлықтарды заңнамалық тұрғыдан қолдау бағытындағы игілікті іс-шараларға тоқталды. Қытайдан келген Кан Хэпин мырза: «Семейге кіндігіммен байланғанмын» деп қазақша сөйлеп, жұртты ду күлдірді. Туған жерге ту тіккісі келген абайлық кәсіпкерлердің, іскер жандардың ұсынысына көңіліміз сүйсінді.

Абай облысының амбассадоры Кан Хэпиннің көмегімен өңірге ҚХР-дан 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатыны айтылды. «KAZ Minerals» тобы басқармасының төрағасы Эльдар Мамедов компания өткен жылы Семейде заманауи IT-лицей салып бергенін, биыл қаланың жаңа ықшам ауданында 20 мың орындық жаңа стадион­ның құрылысына қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді. Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау Берік Уәлидің бастамасын қолдай отырып, ұлы Абай туған өлкеге елімізден шыққан әрбір кәсіпкер инвестиция құю керек деп санайды.

«Біз қалада бұрын көпестер Мусиннің үйі болған ғимаратта «Пана» атты қонақ үй кешенін саламыз. 67 бөлмелік қонақ үй, 500 орындық конференцзал, «Тары», «Сандық» мейрамханалар жүйесі болады. Нысанды биыл қыркүйекте ашуды жоспарлап қойдық. Біз оны мәдениет-музей-­қонақ үй кешені етіп ашамыз. Тағы бір жобамыз – қараусыз қалған «Семей молл» кешеніне инвестиция тарттық. Осы жердің тумасы Қайрат Итемгенов ағамызға өз жобамызды ұсындық, бірден қолдады. Оған 26 млрд теңге салынады. Аумағы – 66 мың шаршы метр, ол жерде тек сауда үйі ғана емес, заманауи кеңселер, 5 жұлдызды қонақ үй, фитнес орталық, жасыл аймақ болады» деді С.Тау.

Ол сондай-ақ Абайдың 180 жылдығына орай «Қарамола ережелері» атты жаңа кітап шығаратынын, Бейжің қаласында Абай үйін ашатынын да тілге тиек етті. Абай елінің тағы бір тумасы, Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев форумға қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдап, биыл Рим қаласында Абай ескерткішінің бой көтеретінін қуана хабарлады.

Екі күнге созылған инвестициялық форумның нәтижесінде Абай облысы мен өңірлік, отандық компаниялар арасында өзара ынтымақтастық туралы 15 меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында Абай облысы Білім басқармасы мен Астана қаласы Құрылыс басқармасы арасындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім беру нысанын салу; Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС тазартылған май өндіретін зауыт салу, Семей қаласының әкімдігі мен «Белес» құрылыс компаниясы арасындағы бокс орталығының құрылысы және т. б. іргелі жобалар бар.

Абай облысының әкімі Берік Уәли форум соңында «Семейдің сәулет келбеті» атты ашық байқау жарияланғанын хабарлады. Болашақта бой көтеретін «Semey Smart City» ықшам ауданында құрылыс жұмыстары 7 аталым бойынша жүргізіледі. Форумды қорытындылаған өңір басшысы алқалы жиынның нәтижелі, табысты болғанын айтып, қонақтар мен жерлестеріне алғысын жау­дырды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button