Ел тынысы

Жыл сайын 45 мың қазақстандық инсульт алады

Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы, инсульт проблемалары жөніндегі бас штаттан тыс маман Ержан Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Айтуынша, елімізде жыл сайын 45 мыңнан астам адам инсультке шалдығады.

Өкінішке қарай, олардың үштен бір бөлігі қайтыс болады. Инсульттың себептері өте көп. Ең біріншісі – артериялық гипертензия, қант диабеті, семіздік. Сондай-ақ салауатты өмір салтын сақтамау, шылым шегу. Сонымен қатар қазір туабіткен ақаулар да әсер етеді. Мидың аневризмасы сынды диагноздар да инсульт алуға әкеледі, – деп атап өтті Ержан Әділбеков елордада өтіп жатқан «Инсульт мектебі – 2025» атты ғылыми-практикалық конференциясының кулуарында берген сұхбатында.

Сонымен қатар адамның үнемі стресте жүруі де ықпал ететін фактордың бірі деп отыр.

Адам үнемі стрестік жағдайда жүрсе, психикалық фактор да ықпал етуі әбден мүмкін. Өзіңіз ойлап қараңызшы, адам күйзелістен шыға алмай жүрсе, қан қысымы да жоғарылайды. Жұмыссыздық, отбасындағы келіспеушілік – мұның бәрі организмге артық жүк. Негізі инсульт «егде жастағылардың ауруы» деп айтамыз. Бірақ жастар арасында кездессе, жақсы емес. Оның басқа да факторларын қарастыру керек, – деді инсульт проблемалары жөніндегі бас штаттан тыс маман.

Айта кетерлігі, былтыр инсульт анықталған 49 мың адамның ішінде 11,8%-ы ауруханада көз жұмған. Ал 6,1%-ы ауруханадан шыққаннан кейін бір ай ішінде дүниеден өткен.

Астанада жылдағы дәстүрмен дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған «Инсульт мектебі-2025» ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр. Оған отандық инсульт қызметі мамандарымен қоса, Италия, АҚШ, Литва, Украина және Черногория елдерінен келген халықаралық сарапшылар ат басын бұрды.

Іс-шараны «Қазақ инсультологтар лигасы» қоғамдық бірлестігі мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығы ұйымдастырып отыр.

Екі күнге жалғасатын жиында инсульттің алдын алу, диагностикалау, шұғыл медициналық көмек көрсету және оңалту мәселелері талқыланады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button