Smart Astana көшелерді есірткі қаупінен қалай қорғайды?

Елордада 27 мамыр мен 27 маусым аралығында нашақорлыққа қарсы дүниежүзілік күнге арналған ақпараттық-профилактикалық айлық өтіп жатыр. Басты мақсат – тұрғындарды қауіпсіз қала ортасын қалыптастыруға тарту, соның ішінде цифрлық құралдарды пайдалану арқылы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Айлық аясында Smart Astana мобильді қосымшасында «Есірткіге жол жоқ» арнайы сервисі жұмысын жалғастыруда. Бұл – әрбір азаматқа есірткі құралдарының заңсыз айналымы туралы жедел әрі анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік беретін қарапайым әрі қолжетімді құрал.
Сервистің көмегімен мынадай жағдайларды белгілеуге болады:
• тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жазбалар (есірткі-граффити);
• күдікті тығылған заттар немесе сақтау белгілері;
• басқа да заңсыз таратудың нышандары.
Барлық өтініш автоматты түрде өңделіп, құқық қорғау органдарына дереу жіберіледі. Хабарлама жіберушінің анонимділігі толық сақталады.
«Есірткіге жол жоқ» сервисі – Smart Astana қосымшасының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындар мен қалалық қызметтер арасындағы жедел байланысты нығайтуға бағытталған функционалының бір бөлігі.
Мұндай цифрлық шешімдер билік пен қоғам арасындағы жаңа өзара іс-қимыл үлгісін қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе, нашақорлық сияқты әлеуметтік қауіпті құбылыстардың алдын алу және оған қарсы күресте бұл аса маңызды.
Қосымшаны сілтеме арқылы жүктеуге болады.