Медициналық туризмді дамытуға арналған оқыту курстары өтті

Астанада медициналық туризмді дамытуға арналған медициналық маркетинг пен госпитальдық сервис бойынша оқыту курстары өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС ұйымдастырды. Оның мақсаты – медициналық туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру және елорданың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Сарапшы ретінде медициналық туризмдегі көшбасшылардың бірі саналатын Түркия елінің өкілдері шақырылды. Шетелдік спикерлер медициналық маркетингтегі кейстерді және шетелдік науқастардың қажеттіліктеріне бейімделген госпитальдық сервис бойынша халықаралық стандарттарды түсіндірді.
Оқытуға шетелдік пациенттермен жұмыс істейтін қаланың жетекші медициналық ұйымдарының 60 өкілі қатысты. Олардың қатарында экспорттық әлеуетін арттыруға мүдделі жекеменшік және мемлекеттік клиникалар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға және шетелдік пациенттерге қызмет көрсету бойынша бірыңғай тәсілді қалыптастыруға ықпал етеді.