Оқушылар нашақорлықпен күресу жолдарын талқылады

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының бастамасымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және есірткі заттарын тұтынудың зияны туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған бастама аясындағы алғашқы кездесу Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінде өтті. «Демеу» балалық шақ мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы атты жекеменшік коммерциялық емес мекеме мамандары оқушылармен кездесу ұйымдастырды. Психолог Әлия Аренова мен педагог-психолог Жазира Баукенова оқушыларға нашақорлықтың қалай қалыптасатынын, тәуелді адамдардың өмірі қалай өзгеретінін және оның қандай қайғылы салдарға, соның ішінде өлімге әкелетін артық дозаларға алып келетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, олар нашақорлықтың тәуелді адамның отбасына және жақын ортасына қалай әсер ететінін де талқылады.
Диалогтық алаң әрбір оқушыға өз ойын білдіруге және нашақорлық сияқты жаһандық мәселені шешу жолдарына қатысты көзқарасымен бөлісуге мүмкіндік берді.
Мектеп оқушылары белсенді түрде талқылауға қатысып, сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Сондай-ақ қатысушыларға есірткінің зияны туралы маңызды ақпарат қамтылған ақпараттық парақшалар таратылды.
«Демеу» орталығының директоры Жұлдыз Саттарованың айтуынша, бұл бағдарлама аясында мүмкіндігінше көп адамды қамту жоспарланып отыр.
«Біздің басты мақсатымыз – өсіп келе жатқан ұрпақтың есірткіге деген түбегейлі теріс көзқарасын қалыптастыру, тәуелді мінез-құлыққа қатысты қауіптер туралы білімін кеңейту және салауатты әрі белсенді өмір салтының құндылықтарын нығайту», – деді ол.