Ерте жүгірген елорда

Астанада өткен демалыс күні таңертең ерте басталған дәстүрлі BI Marathon қайырымдылық жарысына жаңбырдың жауып тұрғанына қарамай 5 мыңнан аса адам қатысты. Марафоннан түскен қаражат қайырымдылық қорына жолданды.
Марафонға 5 мыңнан астам желаяқ қатысып, екі қашықтықта жүгіріп өтті. Оның ішінде 1174 қатысушы 21 шақырымды, 2872 қатысушы 10 шақырымды еңсерді, 300-ден астам қатысушы басқа өңірлерден келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тіркелген қатысушылардың 90 пайыздан астамы марафонға қатысу үшін келген. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында марафон өткен уақыт аралығында, яғни сағат 7:00-10:00 арасында елорданың Р.Қошқарбаев даңғылы, Д.Қонаев, Достық және Ақмешіт көшелері ішінара жабылды.
Марафонда балалар үшін арнайы қашықтықтар ұйымдастырылды. 4-9 жас аралығындағы балалар 400 метрге, ал 10-13 жас аралығындағы жеткіншектер 1 шақырымға жүгірді. Балалар мерекелік атмосфераны сезініп, алғашқы медальдарын тақты. Сонымен қатар, әр балаға естелік ретінде жұмсақ ойыншықтар тарту етілді.
BI Fest аясында саябақта көптеген қызықты іс-шара өтті. Қатысушыларға тегін палау таратылып, фотозоналар жасалып, ұлттық ойындар көрсетілді, бағалы сыйлықтар ойнатылды.
Бұл марафонның тағы бір маңызды бөлігі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, еріктілер мен тазалықшылар саябақты тазалау жұмысын жүргізіп, экологиялық мәдениетті насихаттады.