Ел тынысы

Елордада Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінің ашылды

Елордада 7–8 сынып оқушылары арасында өтетін Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Бұл – еліміздегі мектеп оқушыларына арналған ең ауқымды спорттық жобалардың бірі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, сондай-ақ өңірлік білім және спорт басқармаларының басшылары, спорт федерацияларының өкілдері, белгілі спортшылар, ұстаздар мен республикалық финалға жолдама алған жас спортшылар қатысты.

Биылғы финалға еліміздің әр өңірінен 65 мектептің командалары келді, олардың басым бөлігі – ауыл мектептерінен. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұндай жобалар тек бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, жас буынның бойында мақсатқа ұмтылу, жауапкершілік, командалық рух пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ рәсім аясында биыл сәуір айында Сербияның Златибор қаласында өткен ISF U-15 Дүниежүзілік мектеп гимназиадасында ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттау шарасы өтті. Қазақстан құрамасы аталған додада 11 медаль жеңіп алған болатын. Оларға министр атынан алғыс хаттар табысталды.

Ұлттық мектеп лигасы мектеп бағдарламасына енгізілген 10 спорт түрін қамтиды. Биыл алғаш рет республикалық деңгейдегі кәсіби спорт нысандарында, білікті төрешілердің қатысуымен өткізілуде. Финалдық кезеңнің жарыстары 5 мамырда басталды. Қазіргі таңда шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика және ұлдар футболы бойынша сайыстар аяқталды. Қазір Астанада волейбол, баскетбол және үстел теннисі бойынша ойындар өтуде. Жалпы, республикалық финалға 5 мыңнан астам оқушы қатысуда — барлығы өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткендер.

Жоба төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық. Жарысқа тек бір мектептің оқушыларынан құралған командалар ғана қатыса алады. Арнайы спорт мектептері, интернаттар мен академиялар бұл лигаға қатыстырылмайды — бұл барлық қатысушыға тең мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін 9–11 сынып оқушылары арасындағы финалдық ойындар Талдықорғанда өткен болатын. Ал 5–6 сынып оқушылары үшін соңғы кезең маусым айында Алматыда өтеді.

Жалпы, биылғы оқу жылы басталғалы бері Ұлттық мектеп лигасына еліміздің түкпір-түкпірінен 3,5 миллионнан астам оқушы қатысқан.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button