Мәслихат

Құрылыс қалдықтарын қалай басқарамыз?

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен ­кезектен тыс сессия өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысқан жиында бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Елордада Сарайшық атты жаңа аудан құрылғаны белгілі. Осыған байланысты бас қала аудандарының шекараларын өзгерту және бекіту қажеттілігі туындады. Бұл мәселе бойынша қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндама жасады. Ол аудандардың өзгертілген шекаралары туралы айта отырып, тиісті сызбамен ­таныстырды.

Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов қалада құрылыс қалдықтарын басқару ережелері жайында баяндады. Оның айтуынша, рұқсат етілмеген орындардағы қоқыс үйінділерінің 95 пайызы құрылыс қалдықтары екен. Себебін түсіндірген баяндамашы құрылыс қалдықтарын басқарудың нақты нормативтік құжаттарының жоғын айта келе, бұл қалдықтарды бақылау мен есептеудің цифрлық тетіктердің болмауынан орын алып отырғанын жеткізді.

Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбек құрылыс қалдықтарын басқаруда цифрландырудың маңызы туралы айтты. Жиында мәслихат депутаттары Бауыржан Смайылов, Владислав Сергеев, Талғат Ерғалиев аталмыш мәселе бойынша пікірлерімен бөлісті.

Астана қаласында тіркелген Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова айтты. Оның айтуынша, қала тұрғындарының артуына байланысты белгілі санаттағы науқастарды дәрімен қамтуда қаржыландыруды да өсіру керек.

Мемлекет мұқтажы үшін жер телімін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару шарттарының жобаларымен қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов таныстырды. Соның ішінде «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығы жанындағы жер телімі біраз талқылауға ұласты. Қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов бұл мәселе бойынша жеке кездесуді ұсынды. Депутаттар осыған тоқтады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button