
ХХ ғасырда Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ елінен 1 млн 800 мың адам қатысты. Қазақстаннан 20 дивизия құралып, майданға аттанды. Солардың тең жартысы Отанына қайта оралмады. Жорық жолында ерлік көрсетті, қаза тапты, аман қалғандары Жеңіспен елге оралды. Сол кезде ерекше ерлігімен көрініп, Берлин қаласындағы басты ғимарат Рейхстагқа ту тіккен де қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев еді.
Өмір жолы
Қошқарбаев Рақымжан Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматы қаласында өмірден өткен. Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Целиноград ауданы Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Өзі 4 жасында анасынан, 13 жасында 1937 жылы «Халық жауы» ретінде қудаланған әкесінен айырылған да, Тайтөбе Балалар үйінде тәрбиеленген. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Белорусь майданындағы 150 Идрицск атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Лейтенант Р.Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г.Болатов екеуі Кеңес Одағы әскері арасынан Рейхстагқа бірінші ту тікті. Соғыстан кейінгі жылдарда Эльба бойында кеңестік оккупация әскери бөлімдерінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облысы Атқару комитетіндегі нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аударушылар жөніндегі Бас басқармада инспектор ретінде қызмет атқарған. 1967 жылдан «Алматы» Қонақ үйінің директоры болды. Р.Қошқарбаев Қызы ту, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Жауды шаптым ту байлап, шепті бұзып айқайлап…
Алғаш жеңіс жалауын тіккендердің қатарында 674-атқыштар полкінің жауынгерлері сағат 14:30-да Р.Қошқарбаев пен Г.Болатов болды. Түнге қарай сағат 22:50 минут өткенде 756-полктің барлаушылары Михайл Егоров пен Мелитон Кантария Армения әскери кеңесінен алған №5 жалауды ғимарат күмбезінің ұшар биігіне тікті. Осы жалау Жеңіс Туы болып қалды. Бірақ, ұрыс тағы бір жарым тәулікке жалғасты. Фашистер екі мәрте келіссөз жүргізді, бірақ үшінші күні ғана – 2 мамыр күні сағат 4 сағат 30 минутта қаруларын тастады. Соңғы шабуылдың қаһармандары көп болды, 150-дивизияның 15 жауынгері Алтын жұлдызбен, қалғандары – орден және медальдармен марапатталды. Дивизия «Берлиндік» екінші құрметті атаққа ие болды. Шайқастан кейін екі құжатқа да 1945 жылы 17 сәуір мен 6 мамырда 674-атқыштар полкінің командирі подполковник Алексей Плеходанов қол қойған. 22 сәуірде 1-Беларусь майданы 3-армиясының 79-Берлин атқыштар корпусының қолбасшысы генерал-майор Семен Переверткин Рақымжан Қошқарбаевты және оның үш әріптесін І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттау туралы бұйрыққа қол қойды.
Архивте сақталған құжатта 1945 жылы мамырда Р.Қошқарбаев «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» делінген марапат парағы толтырылған екен. Бірақ, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеген. Оның орнына Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Жеңіс туының тігілуі туралы алғашқы деректер
Жеңіс туын алғаш тіккендер жайлы 1945 жылы 3 мамырда «Воин Родины» газетінде 150-дивизия туралы Василий Субботин жазған екен. Осы алғаш жазған журналист В.Субботин мен К.Қазыбаевты кейін Бауыржан Момышұлы таныстырыпты. 1948 жылы журналист Борис Горбатов Рейхстагқа ту тіккендер туралы «Литературный» газетінде: «В самом деле, пора уже перестать сравнивать войнов нашей армии с орлами и беркутами. Какой беркут может сравниться с казахом Кошкарбаевым, который на моих глазах вместе с другими товарищами воздрузил знамя победы над рейхстагом. Чтобы показать такого героя, нужен совсем иной поэтический строй, иные образы, иная поэзия – поэзия социалистического реализма» деп жазған екен.
Алғаш рет Кәкімжан Қазыбаевқа Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы ізденіс жасау және жазу жөнінде Бауыржан Момышұлы өзі 1958 жылы тапсырған екен. Сол кезде Б.Момышұлы: «Исторический человек! Оның өмірі отпен жазылған. Ұрпаққа – өнеге! Ерлерді ел басына күн туғанда тудырады» депті. Қазақстанға ГДР-ден келген Карл Кокошко есімді журналист 1958 жылы Кәкімжан Қазыбаевпен сөйлескен. Екеуінің сұхбаттасқан негізгі тақырыбы Берлин қаласында рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы өрбіген. Германиядан келген журналист Рейхстагқа ту тіккендер арасында Рақымжан Қошқарбаев та болғандығын білетіндігін және өзі ізденіс үстінде жүргендігін айтқан. 1965 жылы Кәкімжан Қазыбаев Жеңістің 20 жылдығына байланысты «Кернеген кек» деректі повесін жарыққа шығарған. Онда Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы баспасөзде көп материалдар жарияланған. Ең ғажабы, осы кезде Ұлы Отан соғысы тарихының бесінші томы шығып үлгерген. Оған еленіп, екшеліп талай сараптан өтіп, Рейхстагты алуда жаппай ерлік көрсеткен совет жауынгерлерінің ең ерендерінің, бұған дейін сирек айтылып, тіпті мүлде айтылмай жүргендерінің есімі жазылған. Міне, солардың ішінде Р.Қошқарбаев пен Г.Болатовтың да аттары жазылып шыққан.
Әділдік үшін күрес
Берлинде 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа алғашқы Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы шындықты іздеген Кәкімжан Қазыбаев 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетіне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры» тақырыбында мақала жариялаған. Одан кейін көп кешікпей Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырылған. Онда барғанда Рақымжан Қошқарбаев туралы осы жазбаларының алғашқы жарық көруі мен жинақталуы Бауыржан Момышұлының нұсқауымен жүзеге аса бастағанын баяндаған. Ол кісі осындай шақырту мен қозғалыстың бастауында Жұмабек Тәшенев тұрғанын кейін естіген. Ол кезде Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүрген. Қызмет бабымен Ж.Тәшенев бір кезде Москвада Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес Төралқасы төрағасының орынбасары қызметін уақытша атқарып жүрген кездерінде Рақымжан Қошқарбаев туралы Бас штабтың архив материалдарын көтертіп, одан Р.Қошқарбаевтың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын және оның неліктен берілмегені жайлы сұрау үшін маршал И.С.Коневті Бас штабтан шақыртып сөйлескенде маршал шамданып қалады, екеуі қатты сөзге келген. Жүгінуге К.Е.Ворошиловке барады. Бірақ, дау түйіні шешілмей аяқсыз қалады.
1961 жылы «Ұлы Отан соғысы тарихының» 5 томы жарық көретін кезде бұрынғы 150-атқыштар дивизиясының генерал-лейтенанты В.М.Шатилов мынадай мәселені ескеруді ұсыныпты: «Прошу председателя редколлегии Истории Великой Отечественной войны просить Президиума Верховного Совета СССР о награждении товарищей, которые были представлены, но остались не награжденными. Считаю и прошу из 150-й дивизии присвоить звание Героя Советского Союза за штурм Рейхстага: 1) полковника запаса Плеходанова Алексея Дмитриевича; 2) лейтенанта Рахимжана Кошкарбаева; 3) рядового Григория Болатова; 4) старшего лейтенанта Бреста Алексея Прокофьевича; 5) старшего лейтенанта Гусева Кузьму Владимировича; 6) сержанта Шербину Петара; 7) сержанта Пятницского Петра». К этому следует добавить, что Кошкарбаев и Болатов в свое время были представлены к званию Героя Советского Союза. Реляция об этом до сих пор лежит в архивах Генерального штаба Советской Армий (По всей вероятности, ходатайство военным командованием о присвоении звания Героя Советского Союза Р.Кошкарбаеву было отклонено по причине необоснованной репрессии его отца в 1937 году)» деп жазылыпты.
Осы кезде Қазақстаннан белгілі қайраткер тұлғалар: Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Шухов, Ә.Тәжібаев және Бауыржан Момышұлы әділдік жөнінде сұрау салып, хат жолдаған екен. Ондағы құжаттың соңында Бауыржан Момышұлы: «Мы подерживаем предложение участников совещания штурма Рейхстага. Ходатайствуем связи с двацатилетием Победы Советских Вооруженных Сил во Второй мировой войне присвовить Р.Кошкарбаеву и Г.Булатову звания Героя Советского Союза» деп толықтырып жазыпты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед 2014 жылы 10 қазанда Егемен Қазақстан газетінде «Жаужүрек менің ағаларым» тақырыбында мақала жариялаған. Тарихи шындықты анықтау үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатына арнайы хат жазып, құжаттар алдырған. Онда Жеңіс туын тіккен оқиғаның ізім суымай тұрып, Р.Қошқарбаевтың полк командирі А.Плеходанов былай деп жазыпты: «Командир взвода разветки лейтенант Р.Кошкарбаев и разведчик красноармейц Г.Булатов в 14:30 возродили знамя над Рейхстагом (РФ ҚМОМ. 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175 парақтар)» деп жазылған екен. Одан кейін тағы бір тарихи құжатта: «Достоин присвоения Героя Советского Союза» РФ ҚМОМ. 33-қор, 686196-тізім, 44/143-іс, 32-33 парақ)» [9] деп атап көрсетіліпті. Яғни, сол кезде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Бірақ, әкесі Қошқарбай Мусиннің 1937 жылы қуғын-сүргінде «Халық жауы» ретінде қудаланып кетуі бөгет болған сияқты.
Қазақстандық тарихшы Болат Асанов пен В.Семенихин 2005 жылы 7 мамырда Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы В.Путиннің атына лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді өтініп жеделхат жолдаған. Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов туралы сұраған. Ал 2005 жылдың 15 шілдесінде Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институтынан мынадай жауап берген: Құрметті Б.Асанов пен В.Семенихин жолдастар! РФ Қорғаныс министрлігі Әскери тарих институтының қызметкерлері жерлесіңіз, лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінің құжаттық дәлелі бар екенін анықтады. 1945 жылы 6 мамырда Кутузов дивизиясының 2-дәрежелі Идрицк атындағы 150-атқыштар полкінің 674-атқыштар полкінің командирі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Оның марапаттау парағынан: «29.04.1945 ж., взвод жаудың қиян-кескі қарсылығын бұзып, Шпри өзенінен алғашқылардың бірі болып өтті, 30.04.1945 ж. Рейхстагқа басып кіріп, Жеңіс туын желбіретті. 150-атқыштар дивизиясы командирлері мен 79-атқыштар корпусы командирінің қорытындысында: «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп жазылған дерек бар екендігін растап жауап қайтарған.
Ардагердің халық қаһарманы атануы
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 17 сәуірдегі «Ұлы Отан соғысының ардагері Р.Қошқарбаевтың есімін мәңгі қалдыру туралы» қаулысымен Целиноград облысындғы (қазіргі Ақмола облысы) Целиноград ауданындағы «Қосшы» ауылындағы орта мектепке оның есімі беріледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығында: «Р.Қошқарбаевқа жоғары ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағын беру туралы 1999 жылы 7 мамырдағы қаулыда Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа (марқұм) жоғары ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы берілсін, – деп қол қойған.
Қорытындылай айтқанда, Р.Қошқарбаев пен Г.Болатов Кеңес Одағы кезеңінде 1945 жылы 30 сәуір күні сағат 14:30 да Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс Туын тікті. Ал М.Егоров пен М.Кантария туы кешке сағат 22:50-де тігілген. Кезінде шындық бүркемеленді, әділдік айтылмады. Батыр азамат замандастары арасында кейде еске алғанда көңілі босаған екен. Солай өз тұсында лайықты бағасын ала алмай кетті. Бірақ, Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Шындық артта жүреді, өтірік алда жүреді, бірақ түбінде шындық шығады» деген екен. Иә, расында уақыт төреші, халық бағалаушы болды.
Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты