Шаһар шежіресі

Роза – Наурыз мерекесінде

Целиноград қаласының Тың игерушілер сарайында 1993 жылы 19 наурызда өткен «Армысың, Наурыз-93» атты мерекелік концертте бір топ алматылық өнер шеберімен бірге қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, халық әртісі Роза Рымбаева ән шырқады.

Өнер иесі Мұқағали Мақатаевтың «Нау­рыз-думан» атты өлеңіне жазылған сазгер Талғат Сарыбаевтың әнінің алғашқы орындалуын ақмолалықтарға сыйға тартты, содан соң халық әндерін, шетелдік композиторлардың туындыларын бірінен соң бірін зор шабытпен шырқаған Роза жиналған жұртшылықты шынайы өнерімен тәнті етті.

«Ақмола ақиқаты» газетінің тілшілеріне берген сұхбатында: «Ақмола – менің үлкен өнер жолына құтты қадам жасаған, тұсауымды кескен қала. Бұл 1975 жылдың жазы болатын» деп әйгілі әнші Семейдегі музыкалық училищеде оқып жүргенде, 1975 жылы маусым айында Целиноградта өткен вокалды аспаптар ансамблі мен жас әншілердің республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алғанын еске алады.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, халық әртісі Роза Рымбаева бұдан кейін де бірнеше мәрте тың игерушілер өлкесіне келіп, 1977 жылы 1-4 тамызда «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблімен, 1985 жылы 10-12 қазанда «Арай» эстрадалық-вокалды аспаптар ансамблімен, 1988 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауымен өнер көрсетті.

Ғазиза ИСАХАН

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button