Кезекті вандалдар жазаланды

Елордалық полицейлер вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күресті жалғастыруда. Қалада кезекті вандалдар табылып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2025 жылғы 27 сәуірде таңғы сағат 06:30 шамасында 33 жастағы азамат мас күйінде мейрамхананың ыдыс-аяғын сындырып, кіреберіс есігін зақымдаған. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 147-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дәл осындай оқиға 9 сәуір күні сағат 17:30 шамасында болған. Азамат тұрғын үйдің кіреберіс есігін қасақана бүлдіріп, терезесін сындырған. Нәтижесінде ол да ҚР ӘҚБтК-нің 147-1 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2025 жылдың 18 ақпанында сағат 13:30-да тағы бір азамат автокөліктің сыртқы айнасын қасақана бүлдіріп кеткен. Келтірілген залал үшін оған 196 600 теңге айыппұл салынып, ҚР ӘҚБтК-нің 147-1 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, елордалық прокуратураның үйлестіруімен «Заң және тәртіп» нарративін жүзеге асыру аясында полиция органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, вандализмге қарсы белсенді жұмысты жалғастыруда. Прокуратура ескертеді: бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, егер әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 30 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.
2025 жылдың басынан бері 75 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 46-сы қамауға алынды, 29-ына жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Елордада да «Тоқта, вандал» профилактикалық акциясы жалғасуда, оның аясында күндізгі және түнгі уақытта рейдтер, халыққа түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар мен мүдделі азаматтардың қатысуымен іс-шаралар өткізілуде. Акцияның мақсаты – вандализмнің алдын алу және қала мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету.