Астанада үшінші рет жыл сайынғы «Run for autism» қайырымдылық жүгіру жарысы өтті. Биылғы жарыс жалпы менталдық денсаулыққа, яғни аутизм, депрессия, мазасыздық және басқа да ерекше менталдық күйдегі адамдарды қолдауға арналды. Жиналған 22 млн теңге қаражат аутизм және басқа менталдық ауытқуы бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады. Іс-шараны «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласы әкімдігінің және басқа да серіктестерінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жүгіру 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км қашықтықтар бойынша өтті. Жарысқа қатысу бағасы 6 990 теңгеден бастап 9 990 теңгеге дейін болды. Оған Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Павлодар және басқа қалалардан барлығы 3000-нан астам адам қатысты. Қатысушылар арасында кәсіби спортшылар, параспортшылар, сурдоспортшылар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, дамуында ерекшеліктері бар 120-дан астам бала, ата-аналар және т.б. болды. Тіпті жарысқа Лондон, Мәскеу, Ыстамбұл, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Павлодар, Жаңаөзен, Жезқазған, Орал, Петропавл қалаларынан 28 адам онлайн қатысуға мүмкіндік алды.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл іс-шара салауатты өмір салтын дәріптейтін және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды көздейтін маңызды қоғамдық бастамаға айналып келе жатқанын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инклюзияны дамыту мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдауға арналған жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Қазір осы бастама бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Аталған заң шын мәнінде азаматтарға пайдалы болуы үшін сенаторлар қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және сарапшылармен бірге бұл бағытта қандай басымдықтарға назар аудару керектігін жан-жақты талқылап, белсенді жұмыс жүргізуде», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ашылу салтанатынан кейін қашықтықтар бойынша жүгіру старты, «Көңілді старттар» спорттық ойын-сауық эстафетасы өтіп, соңында жеңімпаздар марапатталды және серіктестер тарапынан бағалы жүлделер ұтыс ойыны да өткізілді. Дәстүр бойынша өткен аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасына аутизмі бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун синдромы және т.б. бар 5-14 жас аралығындағы 200-дей бала қатысты. Эстафета аяқталған соң балаларға іс-шараның серіктестерінен сыйлықтар табысталды.

«Run for autism – бұл аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Ол әлемнің ең ірі қалалары – Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург және т.б. елдерде өткізіледі. Қазақстанда «Run for Аutism» іс-шарасын алғаш рет «Болашақ» қоры 2023 жылы өткізді. Бірінші жылы қатысқандар саны 1300 адам болса, бүгінде 3000-ға жетті және 300-дей адам іс-шараны ұйымдастыруға атсалысты. Қатысушылар саны көбейіп жатқаны қуантады, өйткені бұл аутизм және жалпы менталдық бұзылыстар туралы білетін адамдар саны артып келе жатыр деген сөз. Биыл біз жүгіруді жалпы менталдық денсаулық тақырыбына арнаймыз. Бүгін біз инклюзия, алуан түрлілік, стигмасыз өмір, мазасыздықпен, депрессиямен өмір сүріп жатқандар үшін деген мақсатпен жүгіреміз. Өкінішке қарай, бұл жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін, сондықтан мәселеге көз жұма қарамай, оны мойындап, дер кезінде кәсіби мамандар көмегіне жүгінген жөн”, – деп атап өтті «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Көптеген басқа қатысушылар сияқты Елдос Иманбаев та жүгіруге аутизмі бар 16 жасар ұлы Бекназармен бірге келді. Бекназар 2,5 км қашықтықта жүгіруге қатысты.
«Ұлым екеуміз Run for Autism жарысына қатысуды ұйғарған себебіміз – бұл тақырып бізге жақын. Біз әрбір бала өзін қабылдайтынын, қажет ететінін және бағалайтынын сезінетін инклюзивті орта құру қаншалықты маңызды екенін білеміз. Бұл біздің ерекше адамдар қауымдастығын қолдау тәсіліміз. Бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, сонымен бірге бұл бірлікті, түсіністік танытуды көрсетіп, шабыт беретін алаң. Ерекше балалар үшін кез келген іс-шара – өзін жеңіп, өз мүмкіндіктерінің шегінен аттап, жаңа эмоцияларды сезіну мүмкіндігі екенін түсінген маңызды» – деді Елдос Иманбаев.
Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдар мен медальдармен марапатталды. Әрбір жүгірушіге шоппер, футболка, жүгіріске арналған нөмір, ұтыс ойыны үшін нөмірі, тамаққа талон, бағдарлама, спорттық батончиктен және пайдалы «чиабатта» нанынан тұратын жинақ табысталды. Ниет білдіргендер жүгіруден басқа жарыстың брендік таңбалары бар өнімдер және серіктестерден сертификаттар салынған арнайы боксты сатып алып, іс-шараны қолдады. Жүгіріске халықаралық компаниялардың, шетел елшіліктері, оның ішінде Жапония, Ұлыбритания, Испания, Түркия, Үндістан, Чех Республикасы, Польша, Беларусь Республикасы елшіліктері қатысты.

«Ұлымда Даун синдромы бар. Жүгіру жарысы менің ұлым сияқты ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдайтындықтан оған қатыспақ болдым. Іс-шараның мақсаты жаныма жақын» , – дейді Қазақстандағы Жапония Елшілігінің штат қызметкері Хироаки Фуната.
Жүгіруге қатысушылар арасында Дубайға екі кісіге жолдама, «World Class» фитнес-орталығынан жылдық абонементтер, «Hilton Astana» қонақ үйінде тұруға, «M Clinic» клиникасында тексеруден өтуге сертификат, GALAXY S24 смартфоны, «Орлов моншаларына» сертификаттар және тағы басқа бағалы жүлделер ұтысы өткізілді.
Қайырымдылық іс-шарасына Астана қаласы әкімдігі, Eurasian Resources Group (ERG), «Еуразиялық банк» АҚ, «NAK» құрылыс холдингі, «АLSTOM», «ECOSHOP Astana», «Жігер газ», «Shaurma Food» қазақстандық дәмді тағамдар желісі, «MYD Production» компаниялары, «G-life» ауыз суы, «Astana Production» ивент-агенттігі, «M Clinic» клиникасы, «K-cell», «Argymaq» премиалды бренді, «World Class Ботанический» фитнес-орталығы, «Ocean Love» туристік фирмасы, «Hilton Astana» қонақ үйі, «Marwin» компаниясы, «New Level» жарнама-өндірістік компаниясы, «Sundar Yoga» йога студиясы, бургерной «All off Burger» бургерлер, «Орлов моншалары» компаниясы, «Anta» спорт дүкені, «Моя ферма», «Полезный хлеб» компаниялары, «WOW swim» жүзу мектебі, «Ailand» сауық орталығы, «Солнечный мир» ҚҚ, мастерской детских праздников «Lim-po-po» балаларға арналған мерекелер шеберханасы, «РИКА» экспресс поштасы, «Nomad Triathlon Club» триатлон клубы, «My Start», «Super Kyz», «CleverMarket» онлайн-дүкені, «TOOBA» компаниясының қолдауымен өткізілді. Ақпараттық серіктестер: «Qazsport TV», «Qazaqstan TV», «Jibek joly», «Silk Way» телеарналары, «Love radio», «Радио Дача», «Той Думан» радиостанциялары, «ҚазАқпарат» ХАА, медиа «Город24», «Mustafin Magazine», «AMANAT Group» медиахолдингі демеушілік етті.

«Болашақ» қоры 2015 жылдан бері Қазақстанның 24 қаласында 71 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Қор балалар үйлеріндегі 2000 балаға және аутизм және дамуында басқа ерекшеліктері бар балалар тәрбиеленетін 10 мыңнан астам отбасын қамтыды, аутизм және дамуында басқа ерекшеліктері бар 800-ден астам баланы үйде оқытудан шығарды. 2023 жылдан бастап «Run for autism» жүгіру жарысына 3351 адам, оның ішінде 200-ден аса ерекше бала қатысты. Екі жыл ішінде 20 миллион теңгеден астам қайырымдылық қаражат жиналды, оған Астана қаласының балабақшаларында 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Соның арқасында аутизм және дамуында басқа ерекшеліктері бар 80-нен астам бала сүйемелдеумен алғаш рет балабақшаға барды.
Қазақстанда аутизм және менталдық денсаулық бойынша ауытқуы бар 15 000-нан астам бала тұрады, оның 7 мыңдайы – мектеп жасына дейінгі балалар. Ал бейресми деректерге сәйкес еліміздегі аутизм бар балалар саны 35 000-нан асады. ДДҰ деректеріне сәйкес психикалық бұзылыстар дүние жүзінде 10-19 жас аралығындағы әрбір жетінші адамда кездеседі, бұл осы жас тобындағы аурулардың әлемдік санының 15% құрайды. Депрессия, мазасыздық және мінез-құлық бұзылыстары жасөспірімдер арасындағы ауру мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып табылады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметі бойынша 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асты.
Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша психикалық мінез-құлқы бұзылған 296,7 мың адам бар, оның ішінде 92,5 мың адам психоактивті заттарды қолдану салдарынан динамикалық бақылауда тұр. Countrycassette халықаралық тәуелсіз онлайн-журналының мәліметі бойынша 2024 жылы депрессияның таралуы бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-ші орынға шықты. 2023-2024 жылдары жүгіру жарысына 3 351 адам қатысты, оның ішінде 200-ден астам ерекше бала болды. 20 млн-нан астам қайырымдылық қаражат жиналды, осы қаражатқа Астана қаласындағы 10 балабақшада (№54, №60, №66, №35, №24, №63, №77, №80, №86, №98) инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жабдықталды. Күн сайын 100-ден астам ерекше бала балабақшаға барып жүр.
Райхан Рахметова
фото: Оңалхан Өнерхан