Жыл соңына дейін 112 жайлы мектеп пайдалануға беріледі

Оның 45%-ы ауылдық жерлерде салынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстанда заманауи, қауіпсіз және қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асып жатыр.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 206 мың орындық 112 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 45%-ы ауылдық жерлерде салынады, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, 2024 жылы жаңа форматтағы 105 мектеп есігін айқара ашқан болатын. Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сәйкес келетін сапалы тегін білімге тең қол жеткізуі үшін жағдайлар жасайды. Ол мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы 460 мың орындық жаңа форматтағы 217 мектептің құрылысы жоспарланған.
Бұған дейін Ақтөбеде «Жайлы мектептің» саны қысқарғаны белгілі болды.