Қазақстан жолдардың дамуынан жаңа кезеңге қадам басуда

Қазақстан Республикасы Үкіметі Орталық Азиядағы ең ірі жол битумын өндіруші – Caspi Bitum зауытын іске қосады. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Resources Holdings Limited бірлескен кәсіпорны. Зауыт Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы өндірістік қуаттарды жаңғырту бойынша ауқымды жобаның аяқталуына орай іске қосылмақ. Жаңғыртылған өндірістің іске қосылуына арналған салтанатты шара 2025 жылғы 5 мамырда өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Құны 36,1 млрд теңге болатын жобаның табысты іске асырылуы кәсіпорынның Қаражанбас кен орнынан келетін мұнайды қайта өңдеу қуаттылығын жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңғыртудың негізгі нәтижесі – жоғары сапалы жол битумын өндіру көлемін 50%-ға, яғни 500 мыңнан 750 мың тоннаға дейін ұлғайту болмақ. Бұл қадам Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие, себебі ол елдің жол битумына деген ішкі сұранысын толық өтеуге, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуге және жол құрылысы саласына тұрақты жеткізуді жолға қоюға мүмкіндік береді.
Жобаның аясында Қаражанбастың ауыр мұнайын қайта өңдеуге бейімделген жаңа жоғары технологиялық жабдықтар орнатылып, ескі тораптар толықтай ауыстырылды және ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 300-ден астам жұмысшы мен маман тартылды.
Қазіргі таңда Caspi Bitum зауытында іске қосу-баптау жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізілуде: шикі мұнай қабылдануда, технологиялық жабдықтар мен басқару жүйелері жеке-жеке сынақтан өтіп, кешенді түрде тексерілуде. Сәуір айында жаңғыртылған қуаттылық базасында алғашқы сынақтық битум партиялары өндіріліп, шамамен 8 мың тонна өнім шығару жоспарланып отыр.
«Caspi Bitum зауытының жаңғыртылған өндірісін іске қосу – еліміз үшін стратегиялық маңызды қадам. Отандық битум өндірісінің 50%-ға артуы жолдарды салу және жөндеу қарқынын жеделдетуге, олардың сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттыруға жол ашады. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, логистиканы жақсартуға және ақыр соңында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға жасалған тікелей инвестиция. Сондай-ақ бұл – еліміздің ұзақмерзімді мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібін дамыту саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан, шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшу жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Орталық Азиядағы ең ірі жол битумын өндіруші Caspi Bitum зауытының жаңғыртылған өндірісін іске қосу Қазақстан Республикасы Үкіметінің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілген. Бұл шара ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосып, Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтатын болады.