Вашингтонда Наурыз мерекесі аталып өтті

Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елшіліктерімен бірлесе отырып, Вашингтон қаласында Наурыз мейрамына арналған ортақ мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара барысында қатысушы елдердің елшілері құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың көктемгі жаңару мерекесі ретінде, бейбітшілік пен келісімнің, өзара түсіністіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар түркі тілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқаны ерекше аталып өтті.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы және ұлттың рухани дәстүрлерін сақтаудағы киелі орнына назар аударды.
Мерекелік бағдарлама аясында қатысушы елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері ұсынылды. Қазақстан атынан жергілікті «Гүлдер» тобы «Аққу» және «Мейрам» билерін, сондай-ақ дәстүрлі салт-жоралар – «Шашу» мен «Тұсаукесер» рәсімдерін көрсетті.
Шара соңында қонақтарға арналған салтанатты қабылдау өтіп, түркі халықтарының ұлттық тағамдары ұсынылды. Қазақстан атынан келген қонақтарға Наурыз мерекесінің басты тағамы – жеті түрлі дәмнен тұратын, береке мен денсаулықтың, амандық пен молшылықтың белгісі саналатын «Наурыз көже» ұсынылды.
Іс-шараға Ақ үйдің, Мемлекеттік департаменттің, Конгресстің өкілдері мен АҚШ сараптамалық қауымдастығының мүшелері қатысты.