Руханият

Жеңіске арналған кітаптар

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған үш кітаптың таныстырылымы өтті. Олар қазақстандық жауынгерлер мен майдангерлердің ерлігін, соғыстағы өмірін және жауынгерлік рухын дәріптейді.

Таныстырылған кітаптардың алғашқысы – «Жеңіс жауынгерлері. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты жинақ. Бұл кітап Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен күрес жолы жайында кеңінен мағлұмат береді. Кітапта жауынгерлердің соғысқа қатысқан жылдардағы қиын-қыстау кезеңдері, олардың Отанына деген сүйіспеншілігі мен батыр­лығы баяндалады.

Екінші кітап – тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай мен ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері Көпболсын Бекмағанбеттің бірігіп шығарған «Өтті жылдар – отты жырлар» атты кітабы. Бұл еңбек майдангерлердің соғыс жылдарындағы тапқыр сөздері мен әзіл-қалжыңдарын, шағын әңгімелері мен өлең жырларын қамтиды. Авторлар майдан даласындағы тыныс-тіршілікті, сол кезеңнің ерекше атмо­сферасын ашып көрсеткен. Кітапқа майдангерлердің сұхбаттары, сирек фотолар мен соғысқа қатысты естеліктер топтастырылған. Сонымен қатар бұл кітап жаңартылып, толықтырылып, қайта басылып шығып отыр.

Үшінші кітап – тарихшы Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» атты кітабы. Бұл еңбек қазақстандық журналистер, ақын-жазушылар мен әдебиетшілердің соғыс­тағы ерлігін, олардың қару мен қаламды қатар ұстаған күрескерлік жолын баяндайды. Кітапта қанды майданда өз сөзін қорғай білген тұлғалардың архивтік материалдары, құжаттары, деректерге негізделген анықтамалар топтастырылған және соғыс жылдарында қаламгерлер мен журналистердің атқарған маңызды рөлін көрсетеді.

Аталған кітаптар Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау, архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында жарық көрген. Таныстырылымға министрлік өкілдері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен оқырмандар қатысып, кітаптардың маңызын атап өтті.

– Ұлы Жеңіс мерекесі – бүкілхалықтық, керек десеңіз, әлемдік мереке. Кешегі Ұлы Отан соғысы – біздің қазақ халқы үшін үлкен традегия. Сол Жеңістің 80 жылдығына арнап осындай 3 кітап жарыққа шығып отыр. Бұл үлкен оқиға, үлкен рухани іс деп білемін, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын ­Баянғали Әлімжанов.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button