Жас экологтар жасыл әлемге қадам басты
Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №10 көпшілік кітапханасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық шарасы өтті. Шара барысында «Жасыл аймақ» бағыты бойынша қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсаты көзделді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Жасыл әлемге бірге қадам» атты эко-патруль, экологиялық шараға бесінші сынып оқушыларынан бастап, жетінші сынып оқушылары қамтылды.

— Мичурина кентінде орналасқан №43 қосымша білім беру орталығы бар. Осы мектеп ішінен «Жас эколог» үйірмесі ашылған болатын. Үйірмеге қатысушы балаларды «Көктем» бақша орталығына әкеліп, «Таза Қазақстан» аясында экологиялық шара ұйымдастырып отырмыз. Балаларды табиғатты аялауға үйретіп, оларға мұндағы гүлдер қалай бапталады, мамандардың көгалдандыруға қатысқан сәттерін көрсетіп, таныстырудамыз. Бұл жерге 15 бала келді. Барлығы қызығушылық танытып, мамандарға өз сауалдарын қойды, -деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №10 көпшілік кітапханасының аға кітапханашысы Әсел Омаш.
Іс-шара барысында қатысушылар Мичурина тұрғын алабында орналасқан «Көктем» бақша орталығы» ЖШС аумағындағы жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, көгалдандыру ісінің қыр-сырына қанықты.



