«Ұнатқан ісіммен айналысып, табыс тауып жүрмін»
Астанада JOLTAP жобасы аясында азаматтар тегін қысқа мерзімді курстардан өтіп, жаңа мамандық игеруде. Елорда әкімдігі жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба арқасында астаналықтар екі қолға бір күрек тауып, техникалық мамандықтар мен цифрлық саланың тілін меңгеріп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Солардың бірі – 25 жастағы Гүлсім Бегалина. Ол 2020 жылы қаладағы «Қаржы академиясы» АҚ-да «Кеден ісі» мамандығы бойынша білім алған.
«Мен 3 курста оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Ал дипломды алған уақытта балам 6 айлық еді. Оқуды бітірген соң жұмыс істей алмадым. Ал екі жарым жылдан соң екінші балам дүниеге келді. Осылайша, декреттік демалыста болдым. Бала күтіміне байланысты үйде болғанда шоколадты құлпынай жасап, оны сатумен айналыстым. Кейін жалға орын алып, аспаз болып, ыстық тамақтар әзірлеп, табыс таба бастадым”, — деді ол.
Сондай-ақ ол көшпелі тамақтану қызметімен шұғылданып, дәмді тағамдарымен ғана емес, дастарханды безендіруі тұтынушылардың көңілінен шығып, елде енді-енді дамып келе жатқан кейтеринг саласында қызмет етеді.
«Биыл сәуір айында бұл жоба жайлы әпкем айтты. Ол кісі JOLTAP жобасы аясында оқыту курстарынан өткен. Кейін қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінің біріне барып, «Тігінші» және «Модельер-конструктор» курстарына жазылдым. Себебі мен бала кезімнен тігінші болуды армандадым”, — деді елордалық келіншек.
Ал тура бір айдан соң оқыту курсы басталған.
«Тігін саласы бойынша оқыту курсы 22 күн болды. Курс барысында тігін тігуді үйрендік. Көптеген сұраққа жауап алдық. Бастысы, барлығын тәжірибе жүзінде көрсетті. Ал оқытушылар жақсы түсіндіреді екен», — деді жоба қатысушысы.
Курсты тәмамдаған соң тігін саласы бойынша жұмысқа орналасқан.
«Бұл іске деген қызығушылық болғандықтан мен сол бағытта жұмыс істеймін деп шешім қабылдадым. Сөйтіп, қаладағы ательелерден жұмыс іздедім. Көп уақыт өтпей WhatsApp қосымшасындағы чаттардың бірінен «Шұғыл тігінші қажет» деген хабарландыруды көріп, дереу хабарластым. Ателье басшысы менің тәжірибем болмаса да, жұмысқа алды. Қазіргі кезде тігінші болып жұмыс істеп, ұнатқан ісіммен айналысып, табыс тауып жүрмін”, — деді кейіпкеріміз.
Енді ол алдағы күндері көпке тигізер пайдасы мол «JOLTAP» жобасы бойынша «Модельер-конструктор» курсын оқуды жоспарлап отыр.
«Маған бұл жоба ұнады. Себебі азаматтар ұнатқан ісі бойынша бір айда тегін жаңа мамандықты игеріп шығады. Сондай-ақ оларда теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік бар. Әсіресе, бұл – декретте отырған келіншектер үшін қажет дүние. Барлық жағдай жасалған”, — деді Гүлсім Сәтбайқызы.
Айта кетсек, бұл жобаға 18-50 жас аралығындағы астаналықтар қатыса алады. Жоба арқылы қатысушылар жаңа мамандық игеріп, біліктілігін арттырады.