Қоғам

Қос жауынгердің сүйегі елге жетті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің белсене араласуымен ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді. Сондай-ақ кеше елордадағы ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайында сарбаздардың сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті. Шараға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған әскери қызметкерлер, сала ардагерлері және соғыстан қайтпай қалған боздақтардың туған-туыстары қатысты.

«Бұл соғыс біздің халқымыз үшін үлкен сынық болды. Майданға 1 млн, 200 мыңнан астам адам кетсе, оның 600 мыңнан көбі сол қанды қырғыннан оралмады. Сол уақытта елімізден аттанған ұландар арасынан жүздеген батыр мен мықты командирлер шығып, ел мен жерді қорғауда табандылық танытты. Іс-түссіз кетіп, отбасына оралмаған жауынгерлер тіптен көп болды. Олардың рухына мың тағзым. Бүгінгі қос қаһарманымыздың сүйегін туған жеріне тапсырып қана қоймай, ел еркіндігі үшін күрескен ұлы ұрпақтың өз топырағына қайта оралуына куә болып отырмыз. Жеңіс үшін күрескен аталар ерлігіне мәңгілік құрмет сақталады» деді өз сөзінде генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.

«Атамның аманаты» ҚБ төрағасы Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, осы уақытқа дейін 19 қазақстандық майдангердің сүйегі туған жеріне жеткізіліп, әскери құрметпен жерленген. Табылған екі жауынгердің сүйегін жерлеу де осы рәсіммен өтетін болады.

«Қызыл Армия жауынгері Белубаев Оразғалиды серіктестеріміз – «Находка» жасағының мүшелері Ресей Федерациясының Новгород облысының Соболево селосы маңында іздестіру және дала жұмыстарын жүргізу кезінде тапты. Оның жанынан белдігі, тоғасы, бәкісі және солдат медальоны табылды. Медальонды зерттеу барысында Белубаев Оразғалидың 1907 жылы туып, майданға Қазақ КСР, Семей облысы, Өрнек колхозынан аттанғаны мәлім болды. Ал 8-ші авиациялық полктің бортрадисі Петр Капитонович Оконечниковтің сүйегін «Аляска-Сібір» әуе трассасының объектілерін зерттеу экспедициясы барысында Орыс географиялық қоғамы мен РФ Қорғаныс министрлігінің өкілдері тапқан. Ол мінген Дуглас С-47 ұшағы 1943 жылы Эгвекинот елді мекенінен 70 шақырымда апатқа ұшыраған екен. П.Оконечниковтің қалтасынан ұшу картасы мен қазақ тілінде толтырылған  №9248726 нөмерлі комсомол билеті шыққан. Ол Шығыс Қазақстан облысы Зырянь ауданының тумасы, әскери қызметке Қазақстаннан шақырылған» дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Жауынгерлерді ұлықтау жиынында олардың туыстары да сөз сөйлеп, оларды тапқандарға алғысын білдірді. Солардың бірі – Рахила Иембергенқызы.

«Біз үшін бүгін ерекше күн. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай күйдеміз. Әкем Иемберген Белубаев 1962 жылы қайтыс болған еді. Соған дейін іс-түссіз кеткен өзінің туған інісі Белубаев Оразғалиды іздестірумен өтті. Бір дерегі шығады деп алаңдаумен кетті. Міне, 80 жылдан соң марқұмның сүйегі туған елінің топырағына бұйырды. Әулет болып сіздерге, әсіресе, ағамызды тапқандарға мың алғыс. Елімізде тек бейбітшілік болғай!» деп ақжарма тілегін ақтарды ол.

Айта кетейік, «Атамның аманаты» ҚБ 2019 жылдың 19 мамырында құрылған. Аталған ұйым ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде із-түзсіз жоғалған немесе қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді (олардың саны 271 мыңнан асады) жүйелі түрде іздестірумен айналысып келеді.

Ержан ҚОЖАС

Фото Оңалхан ӨНЕРХАН.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button