Қонаққа барғанда сыйлық аласыз ба?

Қонаққа барғанда сыйлық аласыз ба?
фото: www.eventnn.ru

«Қонаққа құр қол барма» деген сөзді бала кезімізден естіп өстік. Бір үйге қонаққа баратын болсақ, үлкендер жолай дүкенге кіріп, дастарханға қоятын тәттісін, жемісін немесе үй иесіне беретін сыйлығын алып шығатын. Ол кезде сыйлықтың бағасынан гөрі, «үйге құр қол бармау» маңыздырақ еді. Ал бүгін ше? Қонаққа барарда қолымызға не ұстаймыз?

Бүгінде біреудің үйіне қонаққа бару үшін арнайы дүкен аралап, сыйлық іздеудің қажеті жоқ сияқты. Жолай гүл ала салу, тәттіге тапсырыс беру, дайын сыйлық жиынтығын таңдау немесе дастарханға қажет бір дүниені алып бару – қалыпты жағдай. Тіпті кейде «не апарайын?» деген сұрақтың жауабы да адамның жасына, қарым-қатынасына және баратын ортасына қарай өзгеріп отырады.

Бұрын сыйлықтың мәні оның көлемімен емес, ниетімен өлшенсе, қазір таңдау көбейді. Әлеуметтік желілердегі әдемі қаптамалар, дайын бокс-сыйлықтар, гүл шоқтарының сан алуан түрі, сертификаттар мен онлайн тапсырыс беру қызметтері сыйлық таңдауды жеңілдетті. Бірақ осы өзгерістер сыйлықтың өзіне деген көзқарасымызды да өзгертті ме?

Қазір қонаққа барғанда біреу үй иесіне гүл ұстатады, енді бірі балаларға тәтті әкеледі. Ал жақын досының үйіне баратын адам сүйікті кофесін немесе десертін ала баруы мүмкін. Кей жағдайда қымбат сыйлықтан гөрі, адамның талғамын ескеріп таңдалған шағын дүниенің өзі әлдеқайда әсерлі.

Сыйлықтың түрі емес, талғамы өзгерді

Бір қарағанда, қонаққа барарда сыйлық алу – қарапайым ғана әдет сияқты. Алайда оның өзі қоғамдағы өзгерістерді байқататын шағын детальға айналған. Бұрын үйге кірерде қолда кәмпиттің бір қорабы немесе жеміс салынған пакет болса, бүгінде сыйлық таңдауға әлдеқайда көбірек мән беріледі. Өйткені қазір адамға «бірдеңе алып бару» аздық етеді, оның не нәрсені ұнататынын, не қажет ететінін де ойлаймыз. Мысалы, жақын құрбысының үйіне қонаққа баратын қыз оның сүйікті десертін, хош иісті шамын немесе гүлін таңдайды. Біреулер кітап сыйласа, енді бірі үйге арналған шағын бұйымдарды жөн көреді. Ал үлкен кісілерге барғанда жеміс-жидек, тәтті, шай немесе дастарханға қажетті дүниелер әлі де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

«Қазір сыйлық аларда адамның жасына ғана емес, оның талғамына да қараймын. Жа­қын адам болса, не ұнайтынын білесің. Сондықтан арнайы соған лайықтап сыйлық таңдаған қызығырақ. Кейде қымбат зат алғаннан гөрі, адамның бұрын айтқан бір сөзін есіңе алып, соған байланысты сыйлық жасаудың өзі ерекше әсер қалдырады», – дейді елорда тұрғыны Алма Сәлімжанқызы.

Яғни сыйлықтың мазмұны адамның жасына ғана емес, қарым-қатынастың сипатына да байланысты. Жақын адамға оның талғамына сай дүние таңдау оңайырақ болса, алғаш барған үйге немесе үлкен кісілерге сыйлық таңдауда «ұят болмай ма?» деген ой жиі мазалайды.

Бұл жерде әлеуметтік желілердің де әсері бар. Instagram мен TikTok-тағы әдемі сыйлық қаптамалары, гүл композициялары, авторлық тәттілер мен шағын сыйлық бокстары адамдардың таңдауына жаңа бағыт берді. Бұрын дүкен сөресінен дайын өнім таңдалса, қазір сыйлықты арнайы құрастырып, қаптамасына дейін талғамға сай жасатуға мүмкіндік бар.

 «Қымбат болуы керек» деген түсінік қалыптасты ма?

Сыйлық мәдениетіндегі тағы бір өзгеріс – оның бағасына қатысты көзқарас. Кейде әлеуметтік желідегі мінсіз безендірілген сыйлықтар қарапайым дүниенің өзін аз көрінетіндей әсер қалдырады. Әсіресе мереке сайын қымбат гүл, брендтік зат немесе арнайы жасалған сыйлық ұсыну қалыпты нәрседей көрсетіледі. Алайда бұл барлық адам үшін сыйлықтың бағасы бірінші орында дегенді білдірмейді. Кей адамдар үшін сыйлықтың құны емес, оның ойластырылып таңдалғаны маңызды.

«Меніңше, сыйлық міндетті түрде қымбат болуы керек деген түсінік болмауы тиіс. Мысалы, үйге қонаққа бара жатып, дастарханға бір нәрсе алып барудың өзі жеткілікті. Ең бастысы – құр қол бармау ғана емес, барған адамыңа деген көңіліңді көрсету. Кейде қарапайым ғана гүлдің өзі қымбат сыйлықтан артық қуантады», – дейді Алма Сәлімжанқызы.

Дегенмен сыйлықтың бағасы мен оның адамға деген мәні әрдайым бірдей емес. Біреуге бірнеше мың теңгелік гүл шоғынан гөрі, көптен бері іздеп жүрген кітабын тауып әкелген адам қымбат болуы мүмкін. Ал енді біреу үшін дастарханға әкелінген үйдің дәмі немесе балалық шақты еске түсіретін тәттінің өзі ерекше сыйлық. Сондықтан сыйлық беру мәдениетіндегі басты өзгеріс – «не әкелді?» деген сұрақтан «кімге не ұнайды?» деген сұраққа қарай ойыса бастағанымызда шығар. Бүгінде сыйлықтың бағасынан бұрын оның адамның өзіне қаншалықты сәйкес келетіні маңызды бола түсті.

Бірақ бұл ретте қазақтың «қонаққа құр қол барма» деген дәстүрі де жоғалып кеткен жоқ. Оның формасы ғана өзгерген. Бір кездері дастарханға қойылатын кәмпит пен жемістің орнын бүгін гүл, десерт, кітап, сыйлық бокс немесе адамның өзіне қажетті шағын бұйым басуы мүмкін. Ал оның астарындағы «үй иесіне деген құрмет» деген ниет бұрынғыдай сақталып келеді.

 Қымбат САБИТҚЫЗЫ