Елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Мерейлі мерекенің қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) президенті Ерасыл Жұманбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ерасыл Темірбекұлы, қазіргі кезде жұмыс іздеу үдерісіне жасанды интеллект технологиялары да белсенді түрде енгізілуде. Осы жаңашылдық туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Бүгінде жасанды интеллект жұмыс іздеу кезінде азаматтарға нақты көмекші құралға айналып келеді. «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында ЖИ-көмекші цифрлық мансап жөніндегі кеңесші қызметін атқарады. Enbek.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін жүйе азаматтың білімі, еңбек өтілі мен дағдылары туралы ақпаратты талдайды. Диалог барысында ЖИ оның кәсіби қызығушылықтары мен жұмысқа қатысты талаптарын нақтылай алады. Мысалы, қандай жұмыс іздейтіні немесе қандай еңбек жағдайлары маңызды екені анықталады. Осы мәліметтер негізінде азаматқа ең сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады. Егер жұмысқа орналасу үшін белгілі бір дағдылар жетіспесе, жүйе тиісті оқу курстарын ұсына алады. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың басқа да мүмкіндіктері мен қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді. Мұндай тәсілдің басты артықшылығы – адамға көптеген бос жұмыс орнын өз бетінше қарап шығудың қажеті жоқ. ЖИ іздеу аясын тарылтып, азаматтың тәжірибесі, дағдылары мен кәсіби қызығушылықтарына көбірек сәйкес келетін ұсыныстарға назар аударуға көмектеседі. Бұл ретте ЖИ адамның орнына шешім қабылдамайды және оны автоматты түрде жұмысқа орналастырмайды. Ол мүмкін болатын нұсқалар мен келесі қадамдарды ұсынады. Ал бос жұмыс орнына өтінім беру, оқудан өту немесе басқа жолды таңдау туралы соңғы шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Яғни ЖИ-дің негізгі міндеті – жұмысқа орналасу жолын түсінікті әрі нақты ету: адамға өз мүмкіндіктерін бағалауға, лайықты жұмыс орындарын табуға және қажет болған жағдайда қандай қосымша дағдыларды меңгеру керектігін анықтауға көмектесу.
– Астанада жұмыссыздардың нақты саны қанша? Ресми статистика мен шынайы ахуалдың арасында алшақтық бар ма?
– Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың II тоқсанында Астанада жұмыссыздар саны 34 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,2%. Бұл ретте жалпы және тіркелген жұмыссыздықтың екі түрлі көрсеткіш екенін ескеру қажет. Бюроның статистикасы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі негізінде қалыптастырылады. Оған жұмысы жоқ, оны белсенді түрде іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдар жатады. Ал Enbek.kz арқылы немесе Мансап орталықтарына жүгініп, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар бөлек есепке алынады. Бүгінде Астанада олардың саны шамамен 22 мың адам. Оның ішінде шамамен 13 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алады, тағы 3 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуда. Олар оқудан өтіп, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасып немесе басқа да қолдау шараларына тартылған. Осылайша, шамамен 6 мың тіркелген азамат әзірге аталған шаралармен қамтылмаған. Олар үшін жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мәселесі барынша өзекті болып отыр. Сондықтан статистика мен «нақты» жұмыссыздық арасында қарама-қайшылық бар деу дұрыс емес. Бұл – әртүрлі көрсеткіштер: 34 мың – халықаралық әдістеме бойынша есептелген жалпы жұмыссыздық деңгейі, 22 мың – ресми түрде тіркелген азаматтар, ал шамамен 6 мың адамға қазіргі уақытта ең алдымен жұмысқа орналасуға жәрдем қажет.
– Enbek.kz сайтындағы бос жұмыс орындарында көрсетілген жалақының көлемі нақты төленетін жалақыға қаншалықты сәйкес келеді?
– Жалпы алғанда, Enbek.kz сайтындағы жұмыс берушілер ұсынатын жалақы нақты еңбек нарығындағы төлем деңгейіне жақын деуге болады. Ресми статистикамен салыстырғанда айтарлықтай алшақтық байқалмайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 486,4 мың теңгені, медианалық жалақы 348,4 мың теңгені құрады. Enbek.kz сайтындағы бос жұмыс орындарында да осыған жақын көрсеткіштерді көруге болады. Мысалы, Астанада автобус жүргізушілеріне 600–800 мың теңге шамасында жалақы ұсынылады. Салыстыру үшін, БНС мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың I тоқсанында «көлік және қоймалау» саласындағы орташа айлық жалақы 654,3 мың теңге болған. Яғни бұл мамандық бойынша жұмыс берушілер ұсынатын жалақы тиісті саладағы нақты төлем деңгейімен шамалас. Басқа мамандықтар бойынша да осындай жағдайды байқауға болады. Enbek.kz сайтында электргазбен дәнекерлеушілерге 300 мың теңгеден бастап, еңбекті ұйымдастыру және нормалау жөніндегі инженерлерге 251-532 мың теңге аралығында, бухгалтерлерге шамамен 250-300 мың теңге жалақы ұсынатын бос жұмыс орындары бар. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер өңір мен нақты мамандықты ескере отырып қалыптасатын нарықтағы жалақы деңгейіне сәйкес келеді. Сонымен бірге бос жұмыс орнында көрсетілген жалақы мен нақты қызметкердің табысы әрдайым жүз пайыз бірдей болады деп айтуға болмайды. Қорытынды табыс адамның біліктілігі мен тәжірибесіне, жұмыс ауысымдарының санына, жұмыс кестесіне, сыйақылар мен түрлі үстемеақыларға байланысты болуы мүмкін. Мысалы, жұмыс беруші «300 мың теңгеден бастап» деп көрсетсе, бұл – бастапқы ұсынылатын деңгей. Ал жұмысқа орналасқаннан кейінгі нақты табыс бұдан жоғары болуы ықтимал. Сондықтан Enbek.kz сайтындағы жалақы ұсыныстарын еңбек нарығындағы жағдайды бағалаудың объективті құралдарының бірі ретінде қарастыруға болады. Вакансиялар жұмыс берушілердің нақты сұранысы мен кадрлар үшін бәсекелестігін көрсетеді. Ал әр қызметкердің нақты табысы еңбек жағдайларына байланысты қалыптасады.
– Қазір жұмыссыздарды қысқа мерзімде кәсіптік курстарда оқытып, қолына сертификат беріп жатыр. Бұл тәсілдің қандай тиімділігі бар?
– Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту адамға салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие нақты практикалық дағдыларды меңгеріп, жұмысқа тезірек орналасуға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады. Оқыту тікелей жұмыс орнында немесе білім беру ұйымдарында өтуі мүмкін және алты айға дейін созылады. Бұл ретте барлық процесс Enbek.kz порталында цифрлық форматқа көшірілген – өтінім беруден бастап әлеуметтік келісімшарт жасасу және сертификат алуға дейін. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 6,7 мыңнан астам жұмыссыз азамат әлеуметтік келісімшарт жасап, оқудан өтіп жатыр. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында аспаз, тігінші, тракторшы-машинист, шаштараз, кондитер, бухгалтер-кассир және электргазбен дәнекерлеуші мамандықтары бар. Тағы бір маңызды бағыт – АО «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» дамытып отырған мемлекеттік Skills Enbek онлайн-кәсіби оқыту платформасы. Ол азаматтарға тұрғылықты жеріне тәуелсіз, өзіне ыңғайлы уақытта кәсіби дағдыларды меңгеруге және жаңартуға мүмкіндік береді. Бүгінде платформаны 1,3 млн-нан астам адам пайдаланады. Оқу қорытындысы бойынша 1,29 млн-нан астам сертификат берілген. Skills Enbek платформасында түрлі ұйымдардың 400-ден астам авторы әзірлеген 550-ден астам курс орналастырылған. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 80 сағатқа дейін. Оның үстіне курстардың 60%-ы толығымен тегін. Онлайн оқытудың тағы бір артықшылығы – оның ірі қалалардың тұрғындарымен ғана шектелмеуінде. Skills Enbek платформасының мобильді нұсқасы Enbek қосымшасында жұмыс істейді және App Store мен Google Play арқылы қолжетімді. Оқу үшін смартфон мен мобильді интернеттің болуы жеткілікті. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бері платформаны 107 мыңнан астам адам пайдаланған. Оның 50,8 мыңы – ауыл тұрғындары. Бұл барлық оқығандардың шамамен 47%-ын құрайды және қашықтан оқыту форматының ірі қалалардан тыс жерлерде де сұранысқа ие екенін көрсетеді. Skills Enbek платформасын пайдалану тәртібі қарапайым: азамат қажетті бағытты таңдайды, өзіне ыңғайлы уақытта онлайн курстан өтеді, қорытынды тестілеуді тапсырады және сертификат алады. Сонымен қатар Skills Enbek Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz-пен интеграцияланған. Яғни алынған сертификаттар мен расталған дағдылар резюмеге автоматты түрде енгізіліп, жұмыс берушілерге қолжетімді болады. Демек, цифрлық оқыту – жай ғана сертификат алу мүмкіндігі емес. Оның негізгі мақсаты – адамға еңбек нарығында сұранысқа ие нақты дағдыны меңгертіп, оны бірден жұмыс іздеу кезінде пайдалануға мүмкіндік беру. Оқыту, дағдыларды растау және жұмыс берушіге шығу мүмкіндігінің бір жүйеге біріктірілуі бұл форматты адам үшін тиімді әрі ыңғайлы етеді.
– Еңбек ресурстарын дамыту орталығы алдағы уақытта қандай басым міндеттерді жүзеге асыруды көздеп отыр? Еңбек күні мерекесіне орай қазақстандықтарға қандай тілек жолдар едіңіз?
– Ең алдымен, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық-саулық, әл-ауқат және ертеңгі күнге деген сенім тілегім келеді. Әр адам лайықты жұмыс тауып, өз қабілетін жүзеге асырып, еңбегінің сұранысқа ие екенін және елдің дамуына үлес қосып жатқанын сезінсе екен деймін. Біз үшін, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы үшін, басты міндет – еңбек нарығының заманауи, ашық әрі азаматтар мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз ету. Алдағы кезеңде цифрлық сервистерді одан әрі дамытып, кадрларға деген қажеттілікті болжау жүйесін жетілдіруді, кәсіби оқыту мүмкіндіктерін кеңейтуді және еңбек нарығы туралы деректердің сапасын арттыруды жалғастырамыз. Адамның тек жұмыс тауып қана қоймай, дер кезінде жаңа дағдыларды меңгеріп, біліктілігін арттыруына немесе жаңа кәсіп игеруіне мүмкіндік болуы маңызды. Сөзімді қарапайым бір оймен аяқтағым келеді: елдің дамуы әр адамның еңбегінен басталады. Еңбекке адалдық елді өркендетеді. Сондықтан барша қазақстандықтарға кәсіби өрлеу, лайықты мүмкіндіктер және еңбекте толағай табыс тілеймін. Еңбек күні құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Төлен Тілеубай