Әлеуметтік-мәдени саланың әлеуеті

Әлеуметтік-мәдени саланың әлеуеті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елорданың әлеуметтік-мәдени даму саласындағы мемлекеттік және жергілікті бағдарламаларын іске асыру мәселелері қаралып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары Ерік Мейірхан мен Талғат Рахманберді қатысып, баяндама жасады.  

Бүгінде бас қаланың денсаулық сақтау нысандарына 1,7 миллионға жуық адам тіркелген. 10 жыл ішінде халық саны 735 мың адамға немесе 75 пайызға артты. Үкімет бекіткен Астананың Бас жоспарына сәйкес 2035 жылға қарай тұрғындар саны 2,3 миллионға жақындайды деп болжанды. Сондықтан саланы әрі қарай ілгерілету жүріп жатыр. Атап өтерлік жайт, қолға алынған шаралардың арқасында медициналық-демография­лық жағдай өткен жылмен салыстыр­ғанда біршама жақсарды. Атап айтқанда, 2025 жылы елордада адамдардың өмір сүру ұзақтығы 78,78 жасты көрсетті. Бұл жалпы республикалық көрсеткіштен жоғары.

Бұл туралы баяндаған Ерік Мейірхан үш жыл ішінде 14 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. Соның арқасында бұрынғы теміржол ауруханасының бірнеше корпусы жөнделді. №3 қалалық көпсалалы аурухананың терапевтік және хирургиялық блоктары жаңартылып, заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 4 нысан жөнделіп жатыр. Бұған қоса, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Мәселен, өткен жылы 625 медициналық техника сатып алынды. Осы жылы тағы 448 медтехника сатып алу жоспарланған.

Алдағы жоспарларға тоқталған қала әкімінің орынбасары жақын уақытта №2 қалалық көпсалалы аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталатынын, бұл нысанның ашылуы сол жағалау тұрғындары мен қала қонақтарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыратынын жеткізді. Ал келесі жылы Сарайшық ауданында перинаталдық орталықтың құрылысы басталады.

«Келер үш жылда 8 денсаулық сақтау нысаны салынады. Соның ішінде 2 перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпсалалы аурухана және 6 емхана құрылысы жүргізіледі. Қазір «Самұрық-Қазына» қолдауымен 2 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыс­тары жүруде. Оның алғашқысы – Сарыарқа ауданындағы Ақан сері-С189 көшелері қиылысындағы 250 керуетке арналған перинаталдық орталық. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2027 жыл. Екінші нысан – Ақан сері-Еңлік-Кебек көшелері қиылысындағы 300 керуеттік қалалық көпсалалы аурухана. Бұл нысанның құрылысы 2028 жылы аяқталады. Есіл мен Нұра аудандарындағы емханалар да «Самұрық-Қазына» есебінен бой көтереді» деді Ерік Мейірхан.

Оның айтуынша, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға да ерекше маңыз берілді. Оларды баспанамен қамту үшін Астана-Қарағанды тасжолының бойындағы 303 пәтерлік жатақхананың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Ол осы жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс. Манас көшесі 14/2 мекенжайындағы ғимаратта медицина қызметкерлерінің тұруына лайықталады.

Ерік Мейірхан денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға тоқталып, әлеуметтік қорғау, спорт салаларындағы жағдаймен таныстырып, бұл салаларды дамыту бағытындағы жұмыс­тарды да баяндады.

Қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді баяндамасында алдымен білім саласын өркендетуге тоқталды.

«Жылдан жылға халық санының өсуімен қатар балалар саны да артып келе жатыр. Тиісінше білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің көлемі де ұлғаюда. Қазіргі таңда елордада балалар саны 540 мыңнан асады және жыл сайын 35 мыңға артады. Қалада 1 мыңнан астам білім беру ұйымы жұмыс істейді. Елордадағы балабақшаларда, мектептерде, колледждерде 440 мыңнан астам бала мен студент білім алып, тәрбиеленеді. Біздің негізгі міндетіміз – қарқынды дамып келе жатқан қаланың қажетті білім беру инфрақұрылымымен уақытылы қамтамасыз ету, жаңа орындар ашу, сондай-ақ білім беру сапасын және қауіпсіздігін арттыру» деген Талғат Рахманберді осы саладағы тиісті жұмыстарды баяндады. Балаларды қорғау бағытындағы істерге ерекше тоқталды.

Мәдениет саласына тоқтала келе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебе беру жұмысы жүріп жатқанын, оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Елордада оқиғалық туризм мен кітапхана ісі ерекше дамып жатқанын атап өтті. Жастар саясаты, дін істері, тілдерді дамыту мен архив ісі салаларындағы жұмыстармен таныстырды. 

Сондай-ақ жиында қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Асқар Смағұлов пен осы комиссия төрағасының орынбасары Алтыншаш Табулдина баяндама жасады. Алғашқысы комиссияның жұмысы туралы есеп берсе, екіншісі балаларды қорғау мәселелеріне кешенді және үйлестірілген көзқарастың маңыз­дылығын атап өтті.

Сессия барысында елорданың орман-саябақ аймағын басқару және оның аумағындағы қызметті шектеу ережелері қаралды. Мәселелердің жеке блогы елорда тұрғындарын әлеуметтік қолдау шараларына арналды. Сонымен қатар, депутаттар салық салу мақсатында, жерлерді аймақтарға бөлу, жер салығының базалық мөлшерлемелерін көтеру немесе төмендету мөлшерін белгілеу және басқа да мәселелерді қарастырды.