Қазақ журналистикасының қайраткері

Қазақ журналистикасының қайраткері

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ журналистикасы теория­сының негізін салушылардың бірі, белгілі ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына орай ірі зерттеушінің мұрасына және медиа саласының өзекті мәселелеріне арналған «Темірбек Қожакеев мұрасы және жаңа медиа дәуірі: дәстүр, трансформация, инновация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның басты мақсаты цифрландыру және жаңа технологиялар дәуіріндегі Қазақстан журналистикасының даму бағыттарын айқындау. Сала мамандары Т.Қожакеевтің отандық баспасөздің алтын қорына айналған «Қазақ сатирасы», «Сатира негіздері», «Жас тілшілер серігі» және «Адам және заман» сынды іргелі ғылыми туындылары мен оқулық, оқу құралдарын және басқа ғылыми туындыларын негізге ала отырып, бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сай кадрлар даярлау мәселесін талқылады. Халықаралық жиынға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Қарақалпақстанның белгілі зерттеушілері, басқа да танымал шетелдік профессорлар, ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ ой бөлісті.

– Темірбек аға, қазақ журналисти­касына өзіндік дара жолын салған адам. ҚазҰУ-нің Журналистика факультетін 17 жыл басқарды. Одақ көлеміне танытты. Бір өзі бір инс­титуттың қызметін атқарды. Қазақ сатиралық журналистикасының теориясын, тарихын зерттеді. Желтоқсан көтерілісі кезінде қуғын-сүргінге ұшырады. Бірақ мұқалмады. Алаш зиялаларының мұраларын зерделеді. «Жыл құстары», «Көксеңгірлер», «Қым-қуыт іздер» атты кітаптар жазды. Шәкірт тәрбиеледі. Біздің де кандидаттық ғылыми жұмысымызды үлкен қамқорлықпен қорғатты. Ол – артына мол рухани қазына

Сонымен бірге, сыншы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақ ойын былайша білдірді.

– Темірбек ағайдың әрбір айтқан лекциясын қағазға түсірсеңіз, өзгертпей кітап етіп басып шығуға болатындай еді. Ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігі мықты тұғын. Шәкірті, әріптесі болдық. Қайраткерлігінен сыр шертейін. Қазақ руханиятының қайраткері Рахманқұл Бердібаев 1956 жылы Тың және тыңайған жерлерді игеру, орыстандыру процесіне қарсы шықты. Сол кезде қазақтың бас көтерер азаматтары қазақ ұлтының үлесі төмендеп, қазақ мектептерінің жабылып, орысша мектептердің көбеюіне, қазақ тілінің тұншықтырылуына төзбеді. Ұлтсыздану үдерісіне қарсы шыққан қауымның ішінде де Темірбек Қожакеев белсенділік танытып жүрді. Жалпы, ол кісі сөзімен де, ісімен де қазаққа қызмет ете білген нар тұла, – деп түйді сыншы-ғалым.

О.Мұратбекұлы