Қазақстан энергетика секторын дамыту стратегиясын ұсынды

Leadership Dialogue пленарлық отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев саланы дамытудың негізгі бағыттарын атап өтіп, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі жоспарлары туралы айтты.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда мұнай өндіру 87,7 миллион тоннаны (660 миллион баррель) құраса, 2030 жылға қарай елдің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға (785 миллион баррельден астам) жеткізу жоспарланып отыр. Министр жаңа кен орындарын игеру және тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша үкімет қабылдап жатқан шараларға тоқталды.

Министр атом энергетикасын дамытуға жеке тоқталды. Ол Қазақстан жаһандық декарбонизация үрдістерін ұстана отырып, атом энергетикасын ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Елімізде дәстүрлі жоғары қуатты реакторларды да, шағын модульдік реакторларды да (СМР) пайдалану мүмкіндігін қарастыра отырып, атом электр станцияларын салу мәселесі зерттелуде. Болашақта Қазақстан өз ядролық кластерін құруды көздеп отыр.
Сондай-ақ Энергетика министрі еліміздің тұрақты даму қағидаттарына адалдығын ерекше атап өтті.

CERAWeek аясында қазақстандық делегация газ өнеркәсібінің болашағы және энергияға ауысудағы табиғи газдың рөлі, сондай-ақ көміртекті алу, кәдеге жарату және сақтау (CCUS) саласындағы жаңа технологиялар туралы сессияларға қатысты.



