Металлург болу – жай ғана мамандық таңдау емес. Бұл – жалын атқан пештің жанында шыңдалып, ауыр еңбектің жауапкершілігін арқалайтын, табандылық пен төзімділікті талап ететін ерекше кәсіп. Металл мен оттың тілін тауып, өндірістің әр сәтіне сергектікпен қарау – жылдар бойы жинақталған тәжірибені қажет етеді.
Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, металлургия саласында талай жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі – «Тау-Кен Алтын» кәсіпорны Балқыту және құю цехының бастығы Қожан Мұратбеков. Оның 28 жылдық еңбек жолы – өндірістегі кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің, қарапайым еңбекке адалдық пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің өнегесі.
Қожан Қалиакпарұлы үшін металлург мамандығы кездейсоқ таңдау емес. Бұл – әке аманаты, отбасынан дарыған еңбекке деген құрметтің жалғасы. Бала күнінен өндірістің қыр-сырын көріп өскен ол әкесінің жолын жалғап, металлургия саласын өмірлік кәсібіне айналдырды. Жылдар өте келе әке аманаты оның кәсіби ұстанымына, ал таңдаған мамандығы өмірлік мектебіне айналды.
– Әкем өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Теміртауда шахтер болып еңбек етті. Кейін Балқашқа көшіп, мыс балқыту цехында конвертерші болды. Мен дүниеге келгенде: «Менің ұлым да металлург болады, менің жолымды жалғайды» деп айтыпты. Сол сөз менің өмірлік бағытымды айқындады, – дейді ол.
Қожан мектеп қабырғасынан кейін Балқаш тау-кен металлургия техникумына түсіп, металлург мамандығын меңгереді. 1999 жылы оқуын тәмамдап, әскер қатарында азаматтық борышын өтесе, кейін білім жолын жалғастырып, Қарағанды политехникалық университетінде сырттай оқыпты. Ал еңбек жолын Балқаш мыс балқыту зауытында бастап, қарапайым балқытушыдан аға шеберге, кейін цех басшысына дейін көтерілген ол 2024 жылы Астанаға қоныс аударып, «Тау-Кен Алтын» кәсіпорнының Балқыту және құю цехына жетекшілік қызметке тағайындалыпты. Оның жұмыс орнындағы басты міндеті – өндірістің ең жауапты кезеңдерінің бірін басқару. Цехқа құрамында 50-80 пайызға дейін алтын немесе күміс бар материалдар жеткізіледі. Сол шикізат жоғары температурада балқытылып, құрамына қарай алтын немесе күміс анодтарға құйылады.
– Әр материалдың құрамын зерттейміз. Егер алтын мөлшері басым болса, алтын анодтарын құямыз. Ал күмісі көп болса, күміс анодтарын дайындаймыз. Бұл – технологиялық дәлдікті қажет ететін өте жауапты жұмыс, – дейді цех басшысы.
Қожан Қалиакпарұлының айтуынша, металлургиядағы әр күн үлкен жауапкершілікпен өтеді. Оның еңбек жолында түрлі өндірістік қиындықтар да аз болмаған.
– Балқаштағы ірі зауытта жұмыс істеген кезде түрлі апатты жағдайларды көрдік. Пештің жұмысы тоқтап қалатын кездер болды, балқыған металл арнасынан асып кететін жағдайлар кездесетін. Қазір қауіпсіздік талаптары әлдеқайда күшейген. Дегенмен металлургияда қауіп әрқашан бар, сондықтан тәртіп пен сақтық бірінші орында тұрады, – дейді ол.
Қожан Қалиакпарұлы үшін ең үлкен байлық – отбасы. Жұбайы онкологиялық орталықта медицина саласында еңбек етеді. Екі қыз тәрбиелеп отырған әке жұмыстан кейін уақытын балаларына арнауға тырысады.
– Жұмысымыз таңғы тоғызда басталып, кешкі беске дейін жалғасады. Үйге барып, балаларымды балабақша мен мектептен алып қайтамын. Отбасымен бірге өткізген уақыт – ең үлкен демалыс, – дейді ол. Ал бос уақытында әріптестерімен моншаға барып, бильярд ойнағанды ұнатады.Өз мамандығын ерекше жақсы көретін тәжірибелі металлург жас буынға да осы саланың болашағы зор екенін айтады. «Біз осы кәсіп үшін оқыдық, сондықтан жұмысымызды сүйеміз. Металлург болу – үлкен мақтаныш. Кейінгі жастар да бұл кәсіпті таңдаса қателеспес еді, – дейді Қожан Қалиакпарұлы.
Әке аманатын абыроймен арқалап, ширек ғасырдан астам уақытын от пен металдың арасында өткізген Қожан Мұратбеков секілді мамандар – еліміздің өндірісін алға сүйреп жүрген нағыз еңбек адамдары. Олардың маңдай тері мен адал еңбегі Қазақстан металлургиясының берік іргетасын қалыптастырады.