Астанада «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтуде

Астанада «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтуде
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында өтіп жатқан «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«NEW SILK WAY» форумы – көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.



Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.

Іскерлік бағдарлама аясында заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және көлік саласының технологиялық әлеуетін дамытуға арналған «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикадағы тұтастехнологиялар» стратегиялық сессиясы өтті.

Сессия спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Пәкістан Ислам Республикасының Федералдық коммуникациялар министрі Абдул Алим Кхан, Түркия Республикасының Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадыр Уралоглу, Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Махкамов, Чехия Республикасының Көлік министрі Иван Беднарик, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының (министрінің) көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев сөз сөйледі.



Сессияға қатысушылар жүк ағындарын басқару тиімділігін арттыру, халықаралық тасымалдарды оңтайландыру және логистикалық процестерді жетілдіру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ өзара үйлесімді цифрлық жүйелерді дамытуға, мемлекеттік органдар мен көлік-логистикалық тізбекке қатысушылар арасында деректер алмасуға және тасымалдардың ашықтығын арттыруға ерекше назар аударылды.

Форумның іскерлік бағдарламасы жоғары деңгейдегі кездесулерді, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, өңірдің транзиттік әлеуетін ашуға және Еуразияның көлік байланысын нығайтуға арналған стратегиялық және панельдік сессияларды қамтиды.

Форуммен қатар көлік және логистика саласындағы жетекші компаниялар мен сарапшылардың басын қосатын «TransLogistica Kazakhstan 2026» XXIX Қазақстандық халықаралық көрмесі өтуде.

«NEW SILK WAY» форумын өткізу халықаралық әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның көлік-логистика кешенін одан әрі дамытуға, сондай-ақ оның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін арттыруға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.