Астана халықаралық әуежайы Австралиядан жеткізілген ерекше жүкті қабылдады. Қазақстан астанасына әуе көлігімен Дорпер тұқымды 1 100 қойдың алғашқы партиясы жеткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жануарлар Астана халықаралық әуежайына Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F кең фюзеляжды жүк ұшағымен жеткізілді. Аталған әуе кемесі алыс қашықтықтарға ұшуға арналған және тірі жануарларды қоса алғанда, ірі көлемдегі жүктерді олардың қауіпсіздігі мен күтіп-ұстау жағдайларына қойылатын қажетті талаптарды сақтай отырып тасымалдауға мүмкіндік береді.
Ауқымды жеткізілім «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Ерейментау Астық-2014» ЖШС үшін жүзеге асырылып, Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Алғашқы партияның келуі кәсіпорынның жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алуын көздейтін жобаның жүзеге асырыла бастағанын білдіреді. Осылайша, бүгін жеткізілген мал саны жоспарланған жалпы көлемнің төрттен бірінен астамын құрайды.

Айта кетейік, мұндай әрбір әуе рейсінің артында тірі жүкті жеткізу ғана емес, халықаралық авиация мен ауыл шаруашылығын байланыстыратын тұтас логистикалық үдеріс тұр. Жануарларды әуе көлігімен тасымалдау логистиканы ұйымдастыруға ерекше көзқарасты, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын, сондай-ақ барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді жұмысын талап етеді.
Астана халықаралық әуежайы үшін мұндай рейстерге қызмет көрсету жүк тасымалы бағытын дамытудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Елорда әуежайы халықаралық жеткізілімдерді, соның ішінде арнайы өңдеу мен жерүсті қызмет көрсету жағдайларын қажет ететін жүктерді қабылдау және өңдеу үшін қажетті инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.