Ел астанасында – «Астана Операда» Алексей Кестнердің музыкасына «Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтті. Спектакль алдында әдеттегідей журналистер үшін баспасөз мәслихаты өткізілді.
Тамаша қойылымдағы дирижер тұғырында – Арман Оразғалиев, қоюшы хореографы Кирилл Радев балеттің түпкі ойы, дыбыссыз кино эстетикасы мен елордалық труппа әртістерімен жұмыс барысы туралы бұқаралық ақпарат өкілдеріне әңгімеледі.
Театр труппасы үшін арнайы жасалған қойылым 1970 жылдардағы Нью-Йорктің эстетикасы мен дыбыссыз кино дәуірінің кинематографынан шабыт алған неоклассикалық би жанкүйерлері үшін нағыз тосынсый екені даусыз. Либретто авторы – Валерий Копейкин.
- Бұл спектакльдің ерекшелігі сонда – кинематография заңдылықтары бойынша өрбиді. Дыбыссыз киноның эстетикасы балет театрымен үндеседі, өйткені екі салада да басты суреттеу құралы – қозғалыс. Айырмашылығы – кинода монтаж бен әртүрлі ракурстар (ірі, орташа, жалпы) болса, балетте көрерменнің назарын сахнадағы қозғалыс қарқынымен ұстап тұру қажет. Бұл – авторлық қолтаңбасы бар неоклассика, – дейді К.Радев өз сөзінде.
Сондай-ақ хореограф спектакль Чарли Чаплин жайлы хикая емес екенін айтып өтті. «Спектакльде Чарли есімді нақты бір кейіпкер жоқ, бұл – көбіне дыбыссыз кино рухы, Чаплинмен аттас жан ғана, бар болғаны осы. Ал Ирэн – қарапайым бойжеткен. Нәтижесінде махаббат туралы керемет жарқын, әрі көңілді спектакль жарыққа шықты», – деді ол.
Оқиға желісі үйсіз жүрген мейірімді жан, Орталық саябақтың көңілді тұрғыны Чарли мен жоғары мәртебелі адамның қызы Ирэннің айналасында өрбиді. Олардың кездейсоқ таныстығы шынайы сезімге ұласады, алайда Ирэннің ештеңеден тайынбайтын ықпалды әкесі бұл одаққа түбегейлі қарсы болады. Бірақ үздік романтикалық хикаяларда жиі кездесетіндей, тағдыр кейіпкерлерге тосынсый дайындайды. Чарлидің өмірінде жолынан адасқан жұмбақ пошташы пайда болып, оған хат табыстайды. Бұл хат жігіттің өмірін өзгертіп жібереді. Күтпеген мұра кешегі кедейді бір сәтте дәулетті адамға айналдырады. Дегенмен спектакльдің басты қызығы байлыққа кенелуде емес, мейірімділік пен мәрттік қағидаларына адал бола отырып, жүрегінің тазалығы мен жан дүниесін сақтау Чарлидің қолынан келе ме деген сауалда жатыр.
К.Радевтің айтуынша, Пошташының бейнесі – өмірдегі оң өзгерістердің символы, метафора, үндеу іспетті. – Музыка жайлы айтатын болсақ, ол арнайы осы спектакль үшін дайындалды Жоба композитормен ұзақ талқыланғанымен, әлі де кәсіби партитура болу үшін жетілдіру үстінде, - дейді хореограф.
«Астана Опера» әртістерімен жұмыс істеуді әлдеқашан бастап кеткен Кирилл Радев олар жайлы таңданысқа толы пікірін білдірді. – Труппаларыңыз керемет, театрда кәсіпқой мамандар еңбек етеді, дирекция да тамаша. Мұнда барлығы өте үйлесімді, әрі кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Олармен бірлесіп қызмет істеуден зор ләззат аламын, - дейді ол.
«Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың басты тілегі – спектакльдің қызықты болып шығуы. Қалған барлық мәселеде ол маған толық шығармашылық еркіндік берді. Алтынай Абдуахимқызы дайындықтарға үнемі қатысып отырды. Біз осылайша өзара түсіністікте, жақсы тандеммен жұмыс атқардық, - деді қоюшы.
Спектакльдің сценографтары ретінде Анастасия Капустина мен Наталья Шахматова еңбек етті. Ал костюмдер бойынша суретші ретінде танымал дизайнер Игорь Чапурин жұмыс істеді. Нәтижесі керемет!
Елордада қойылған бұл спектакль Астана өнер әлеміне өшпестей із қалдырды. Қойылым жарқын, әрі көңілді жанрда қойылғандықтан, астаналықтарға қатты ұнады. Аншлагпен өтті. Сценографтармен бірге спектакльдің айшықты композициясын, яғни суретін ойлап тапқан қоюшы ұжымға респект. Ғажап әсермен шықтық!
Қойылымдағы Mosaicа Del Arte шығармашылық тобының өнеріне көрермен ду қол соғып отырды. Премьера ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді.
Спектакльдегі партияларды балет труппасының жетекші солистері мен әртістері орындады. Ақжарқын әрі мейірбан Чарлидің бейнесін Досхан Зәйдін сомдаса, махаббатта дәрежені емес, шынайылықты қалайтын бойжеткен Ирэннің партиясын Шұғыла Әдепхан орындады. Александр Корнилов жұмбақ Пошташының рөлінде сахнаға шықты. Полдың рөлінде көрермендер Олжас Тарланов, Айдан Қалжанның өнерін тамашалады. Сондай-ақ спектакльге Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Амир Хван, Ахмет Қабкенов және тағы басқалары қатысты.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ