Мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басар сәтте әрбір жас түлек маңызды таңдау алдында тұрады. Ол – болашақ мамандығын анықтау. Мамандық таңдау – адамның өмірлік бағытын, қоғамдағы орнын және келешек тағдырын айқындайтын жауапты шешім. Дұрыс таңдалған мамандық – табысты өмір мен жарқын болашақтың негізі. Ал өз ісін сүйіп, мамандығына адал болған жан ғана биік белестерді бағындырып, қоғамға пайдасын тигізе алады.
Менің армандаған мамандығым – журналистика. Журналист – қоғамның көзі, құлағы және үні. Ол – халық пен биліктің, қоғам мен ақпараттың арасындағы алтын көпір іспетті. Журналистің басты міндеті – шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізіп, қоғамдық пікір қалыптастыруға үлес қосу. Журналистика саласына қызығушылығым бала кезден басталды. Бұл мамандықтың ең басты ерекшелігі – жан-жақтылық. Журналист үнемі ізденісте жүреді, түрлі адамдармен кездеседі, қоғамдағы маңызды мәселелерді зерттейді және оны көпшілікке түсінікті тілде жеткізеді. Сонымен қатар журналистика адамды сауатты сөйлеуге, ойын анық жеткізуге және ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге үйретеді.
Мен үлгі тұтатын журналистердің қатарында Бақытжан Қауасқанұлы, Берік Садыр, Еркеш Ибраһимұлы, Тоқтарбек Қызықбай сынды «Egemen Qazaqstan» газетінің қаламгерлері бар. Сондай-ақ Дәуітәлі Стамбеков, Күләш Ділдәқызы, Ілия Жақанов сияқты «Ұлан» газетінің белгілі журналистерінің шығармашылығы мені шабыттандырады. Бұл тұлғалар қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосып, кейінгі буынға үлгі бола білді. Журналистиканың көптеген бағыттары бар. Солардың ішінде мені ерекше қызықтыратыны – медиакоммуникация және қоғаммен байланыс (PR) саласы. Қоғаммен байланыс мамандары ұйымның беделін қалыптастырып, оның қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді. Қазіргі цифрлық дәуірде бұл саланың маңызы арта түсуде. Әлеуметтік желілердің, интернеттің және жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы PR мамандарына деген сұранысты күн сайын күшейтіп келеді.
Болашақта халықаралық медиа индустрияны біріктіретін FIPP (International Federation of Periodical Publishers) ұйымының мүшесі болуды армандаймын. Бұл ұйым – әлемдік медиа саласын дамытуға бағытталған беделді қауымдастықтардың бірі. Менің ойымша, ұйымның Орталық Азиядағы танымалдылығын арттыру, жастар аудиториясымен байланысты күшейту және цифрлық платформаларды белсенді пайдалану оның ықпалын одан әрі арттыра түседі. Болашақ PR маманы ретінде осы бағыттағы жобаларға үлес қосқым келеді.
Қысқасы, адамның кәсіби жетістігі оның мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне байланысты. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет» деген болатын. Бұл сөздің мәні терең. Өз ісінің шебері болу үшін білім, еңбек және табандылық қажет. Менің өмірлік мақсатым – журналистика саласында табысты еңбек етіп, қоғамға пайда келтіру. Болашақта кәсіби журналист ретінде елдегі ақпарат саласының дамуына үлес қосып, қазақ журналистикасын халықаралық деңгейде танытуға атсалысқым келеді. Өйткені мен үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау мен үлкен жауапкершілік.
Еркеназ ЕРНҰРҚЫЗЫ,
Астана қаласы №112 жалпы орта білім беретін мектептің
11-сынып оқушысы