Ұлттық музейде Республика күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында «Тәуелсіздік тұғырындағы тұлғалар: ғылым мен мәдениет қайраткерлері» атты көрме ашылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің ғылымы мен мәдениеті экономикалық қиындықтарға тап болғанына қарамастан, бірқатар көрнекті ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, ғылыми мектептердің сабақтастығын жалғастыру және жаңа қоғамдық-мәдени ортаны қалыптастыру жолында қажырлы еңбек етті. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, ғалым-экономист Кенжеғали Сағадиев, антрополог Оразақ Смағұлов, медицина ғылымының көрнекті өкілі Төрегелді Шарманов, археолог Кемел Ақышев, жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбек және басқа да ғылым саласының көрнекті өкілдері бар.

Егемендіктің елең-алаңында ұлттық өнердің дамуына, жас буынның шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Ермек Серкебаев, Еркеғали Рахмадиев, Болат Аюханов, Роза Рымбаева, Жәния Әубәкірова, Айман Мұсақожаева, Тұңғышбай Жаманқұлов, Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Ерік Құрманғалиев сынды өнер қайраткерлері айрықша үлес қосты.
Көрме экспозициясынан аталған тұлғалардың жеке заттары, қызметтік құжаттары, қолжазбалары, марапаттары, фотосуреттері, жеке мұрағат материалдары, сыйлықтары және шығармашылық қызметіне қатысты басқа да құнды жәдігерлер орын алды.
Көрермен назарына ұсынылған ерекше жәдігерлердің қатарында Асанәлі Әшімовтің «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан рөлін сомдау кезінде пайдаланған қылышы, «Атаманның ақыры» фильмін түсіру барысында қолданған камера, Кемел Ақышевтің 1955 жылғы экспедициясы бағытының сызбасы, Кенжеғали Сағадиев, Ерік Құрманғалиев, т. б. қайраткерлердің мемлекеттік наградалары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Болат Аюханов, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева сынды өнер майталмандарының сахнада киген киімдері бар.
Көрмені 15 қарашаға дейін тамашалауға болады.