Қазір біз қала туралы көп айтатын болдық. Өйткені қалалық ұлт деңгейіне көтерілдік. Бүгінде қазақтың 71 пайызы шаһарды мекендейді. Астана жұртының 83 пайызы – түбі ауылдан шыққандар.
Жалпы қазақ түсінігіндегі «қала» ұғымын талдау мен таразылау қызық жағдайды ұғындырады. Тіл тұрғысынан қал / қала / қалау / қалану болып түрленуіне қарап, Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге / Кетігін тап та, бар қалан» өлең жолдары еске түседі.
Мысалы, дәстүрлі қазақ түсінігінде ауыл – өніп-өскен бір әулеттің мекені. Әрі кеткенде 9-12 үй. Енді XVIII-XIX ғасырда қазақ даласын әуеден (бүгінгі дронмен шолғандай) қарадық делік, 5 млн халық, оның ақшаңқан, ақбоз үйлі ауылдары қалай көрінер еді? Ақтанбердінің бек-мырзалар күйін сипаттаған «Ойпаң жерге – он отау, Қыраң жерге – қырық шатыр» делінген толғауындағы деректі елестетіңіз...
Енді қалайық-қаламайық, қиындықпен орнаған кеңестік ұжымдастырудан кейінгі «ауылдар» – бұрынғы түсінікпен парықтағанда, шағын кент пен ортаңқол қаланың ортасы. Омбы жағына бара қалсаңыз, көнекөздер кәдімгі селоны «орыс қаласы» деп отырады. Бұл жазушы С.Мұқанов жазбаларында да кездеседі.
Жоғарыдағы салыстыру арқылы айтпағымыз – қазақ заманауи отырықшылық үрдісімен осыдан 80-90 жылдай бұрын-ақ түрлі деңгейде қалалана бастаған. 50-60-жылдардан ауылдарда түтіні түзу шыққан мектеп, кітапхана, клуб, фельдшерлік пункт, МТС, т. б. соның нышаны-тын.
Айтпақшы, бұл еңбек пен маңдай тер жемісін көлденең көк аттыларға емес, халқымыздың қанжығасына байлаймыз.
Сонымен, біз – талай уақыттан қала мәдениетін игергендерміз. Көне дәуір шаһарлары – бөлек әңгіме.
Бүгінгі 70 пайыздан асқан қала қазағының, 30 пайыздай түрлі этнос-тамырымыздың арман-аңсары, ой-пайымы, өткенді, бүгінді һәм болашақты тануы, көркемдік көкжиегі, талғам-таразысы қалай қалыптасып-дамып жатыр – осының бәрін зерделеу, байыптау, жобалау, бейнелеу – ғалымдардың, ақын-жазушылардың, драматургтердің міндеті.
Сұлтанмахмұттың «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты поэмасы бар. Айтыс өзегі – қазақ өмірі мен тағдыры. Ақын түсінігінде қала – жаңалық пен жаңашылдықтың, мәдениет пен табыстың мекені. Ол дала ақынын төмендетпей, қаланы халық қалаған талғаммен сипаттайды.
Жалпы әлем әдебиетінде қала – адам тағдырын сынайтын, шыңдайтын, жетілдіретін мекен. Табиғаттай таза мекен (ауыл, қышлақ, айыл, хутор, деревня, т. б.) үлкен аумақпен, заманына сай өндіріс-кәсіпті аймақпен, яғни шаһармен түйіспей қоймайды. Өйткені оның арғы жағында ел, мемлекет ұғымы тұр. Әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» – мемлекет туралы трактат.
Қаланы тануда, түсінуде, оның заңдылықтарын байыптауда өмір шарты мен көркемөнер шарты қаламгердің пайым-парасатына байланысты. Екеуін игерген соң, талғам-таразы, ең бастысы шеберлік ақын-жазушыны, драматургті ой-толғамға жетелейді.
ХХ ғасырдың 30-40-жылдары Жазушылар одағы «өмірді таны» деп, қаламгерді өндіріске жіберетін. Қазіргі ақын-жазушы мың құбылған қала қоғамының ішінде жүр. Кейде өзі де кейіпкер.
Қала тұжырымы, қала тарихы, қала және жад, қаладағы орта, қала һәм арман, қала һәм тағдыр, қала һәм өнер, шаһардағы саяси, әлеуметтік, философиялық сюжеттер... жалғаса береді.
Бүгінгі қаладағы орта мектеп – нағыз сынақ, жетілу, күресу алаңы. Ол жерге отбасы мен қоғамның үлгілі мәдениеті, озық білім мен инновация, тәрбиешінің, психологтің, мұғалімнің дұрыс бағасы, жеке өнегесі барған сайын бала ағарады, бәсекеге ұмтылады, биік асуларға қаймықпай қадам басады.
Мәдениетке, соның ішінде кітап пен кітапханаға ынталандыру қалада ыңғайлы. Мүмкіндік мол. Зумер және альфа ұрпаққа аз уақытта көп яки пайдалы нәрсе беру үшін ақын-жазушыға да, өнер адамдарына да ізденіс қажет. Мысалы, қалада аса күрделенген отбасы, әке мен бала, шеше мен қыз қарым-қатынасы, тәрбие, имандылық, мәдениет, дәстүр, т. б. туралы 3-5 минуттық анимациялар мен рилстерді (ролик) көбейту өзекті. Бұл жерде де авторлық шеберлік, ізденіс керек. Жасөспірімдер мен жастарға театр-кино актёрлері сомдаған рилстер өтімдірек. Әлеуметтік желіні осылай салмақтандыруға болар еді.
Кітапханаға келсек, тіл-әдебиет пәні мұғалімдерінің сабаққа, туындыға (роман, повесть, пьеса, т. б.) қызықтыра білуі маңызды. Астананың шетіндегі бір кітапхана қызметкері «Жанымыздағы орта мектептің орыс әдебиеті пәні мұғалімнің еңбегін кітапханаға жиі келіп, классика оқитын оқушылардан көруге болады» деген еді.
Қала баласының, жастарының мәдени қорғаны – кітап, өнер туындылары.
Кітап жүйелі ойлауды қалыптастырады, сөздік қорды көбейтеді. Ақпаратты талдауды да үйретеді.
Психологтар мына қызық құбылысты жазады: 10 минут кітап оқу адам бойындағы күйзелісті (стресс) 60-70 пайызға азайтады. Иә, жақсы кітап музыка мен саяхаттан да қуатты. Сондай-ақ көзбен оқудың миды дамыту, есте сақтау қабілетті арттыру жағы да басым. Электрондық кітаптың мұндай әсері әлсіздеу.
Осы жылы 16 мамырдағы Президенттің кітап оқу мәдениеті мен зерделі ұлт қалыптастыруға қатысты Жарлығы қоғамды, жас ұрпақты дұрыс бағытқа салуға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл бағытта «Әділет» партиясы да жалпыұлттық бағдарлама және арнайы заң қабылдауға мұрындық болмақ.
Қаланың да, даланың да мәдени қорғаны – интеллектуалдық, рухани-шығармашылық еңбектер. Жаңа заманда осы мүмкіндікті азшылық емес, көпшілікке айналған шаһар азаматтары бастамашылықпен жүзеге асырады деп үміттенеміз.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Құрылтай депутаты,
ҚР ҰҒА академигі