Елімізде жүргізушісіз жүретін көліктерге қатысты жол ережелері толықты. Енді мұндай көліктер тек алдын ала белгіленген жолдармен жүріп, қашықтан бақылап отыратын оператордың басқаруында болады. Жаңа талаптар 20 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа ережеде жүргізушісіз көліктерге арналған жеке тарау бар. Оған сәйкес, мұндай көліктер тек арнайы белгіленген аумақта қозғала алады. Ол аумақтың шекарасы мен көлік жүретін бағыты алдын ала бекітіледі. Қозғалыс бағытын жолға жауапты мекеме немесе жергілікті атқарушы орган әзірлеп, жол қауіпсіздігіне жауапты органмен келіседі. Онда көліктің қай жолмен жүретіні, қай жерден кіріп-шығатыны, қайда тоқтайтыны және қандай жылдамдықпен қозғалатыны көрсетіледі. Көлік бұзылған немесе оператормен байланыс үзілген жағдайда, қауіпсіз тоқтайтын орын алдын ала белгіленеді. Көлік белгіленген аумақтан шыға алмайды. Жүргізушісіз көліктің қозғалысын қашықтан оператор бақылап отырады. Ол көліктің белгіленген бағыттан ауытқымауын қадағалайды. Қауіп төнсе немесе көлікте ақау пайда болса, басқаруды өз қолына алады, ақау жойылып, жол жүруге қауіпсіз болғанда ғана қозғалысын жалғастыра алады.