Ой деген бір шыңырау...

Ой деген бір шыңырау...

(Тегеурінді Тұрсекең)

Талай жиынға қатысты. Арнайы барады. Ешкімнің меселін қайтармайды. Сөйлеу­ші мейлі үлкен болсын, мейлі кіші болсын, әрбір сөзді осылай қалт жібермей тыңдап отырар еді. Сосын ой түйеді. Сыр сабақтайды. Сөйлеу мәдениеті өз алдына, тыңдау мәдениеті де жоғары болды Тұрсынбек ағамыздың. Ондай жиындарға бара қалса, қасқиып елдің алдына отыруға да аса құлықты емес. «Мен отырған жердің бәрі төр», – деп ұлы Мұхаң айтқандай, елеусіздеу бір орынға жайғаса салады. Тұрсекеңнің ойлы отырысы сол орынды көркейтеді, тіпті бағасын арттырып жібереді. Бұл жолы да солай болған сыңайлы.

Ана бір жылы Алматыдағы Тұрсынбек Кәкішев тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Дұрыс. «Сын сапары», «Оңаша отау», «Сәкен Сейфуллин», «Санадағы жаралар», «Кер заманның кереғар ойлары», «Садақ», «Мағжан мен Сәкен», «Ескірмейді естелік» сияқты келісті кітаптар жазылған қасиетті қара шаңырақ бұл. Еселі еңбек пен төгілген тердің мекені. Ол үйге тақта қойылмағанда қайда қойылмақ?!

Бір кезде көрікті қалашықта өткен студент ақындардың айтысында сөз қағыстырған филфактың жампозы Светқали Нұржанов журфактың сайыпқыраны Бейбіт Құсанбековке қаратып:

Бір бала алдарыңда

жыр бастады,

Бітпейді мұнымен де

шын дастаны.

КазГУ-ім елудегі аман

болсын,

Сау жүрсін КазГУ-імнің

құрдастары! –

деп жырлап еді. Енді міне сол бір бала алпыстан асты, ал тау тұлғалы Тұрсекеңдердің туғанына ғасырға жуық уақыт өтті.

Тұрсынбек аға... Тегеу­рінді Тұрсекең... Бүтін бітім. Бөлек болмыс. Ойлы отырыс. Терең толғаныс. Қыран қабақ. Өткір көз. Өзгеше әлем. Яғни, өзі айтатындай, «Оңаша отауда» ойға берілген кейпі. Шынында да не ойлады екен?! Кім білсін оны... Бір білсе, өзіне де, өзгеге де байқатпай суретке түсіріп алған Шүкір Шахай білер... Солай ма, Шүкір?

«Қаза берсе түбі жоқ, Қазбағанда суы жоқ, Ой деген бір шыңырау», – деп жырлапты Сәбит Дөнентаев. Сол шыңырау ой талайды иіріміне тартып әкетпек. Одан шығам дегенше қырық қырды шарлап, алпыс асуды барлап қайтасың. Ал миының қатпары қалың Тұрсекең ойға берілсе ше... Сондай бір мезет..

Жұмбақ кейіп. Қарапайым қалып. Сәулетті сәт. Жарқын жүз. Осы отыр­ған отырыс.... Бір ғанибет емес пе?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ