Жол ережесін бұзсаң, жаза қатаң

Жол ережесін бұзсаң, жаза қатаң
фото: ЖИ

2026 жылдың 1 қаңтарынан бері елімізде автокөлікті мас күйінде басқарғаны және жолдың қарсы жолағына шығып кеткені үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Соның ішінде 17 мың­нан астам адам мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған.

Әкімшілік құқық бұ­зушылық туралы ко­декстің 608-бабы бойынша автокөлікті мас кү­йінде жүргізіп ұсталған адам 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Мұндай өрескел заң бұзушылық қайталанғанда куәліктен айыру мерзімі 8 жылға, жекелеген жағдайларда 9 жылға дейін ұзарады. Бір алаңдататын нәрсе, еліміз бойынша жолдағы апат деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Өйткені көлік жүргізушілері (кей жағдайда жаяу жүргіншілер де) тиісті ережелерді елемейді, қозғалыс мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Осыған орай, Үкімет жолда жүру ережелерін қасақана бұзатын автокөлік жүргізушілеріне айыппұл мөлшерін еселеп арттыруды қарастыруда. Өзекті мәселені талдап көрейік.

 Жүргізуші куәлігінен қалай айырылады?

Көптеген автокөлік жүргізушісі қандай жағдайда куәлігінен айырылатынын білмейді. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы (ӘҚБтК) және Қылмыстық кодексте (ҚК) ІММ-нің куәлікті алып қоюына негіз болатын 34 түрлі себеп бар. Осы екі кодекстегі кейбір нормаларға сәйкес, жолда жүру ережесін өрескел бұзып, басқа бір адамның денсаулығына зиян келтірген, я болмаса өліміне әкеліп соқтырған жағдайда куәліктен айырылып қана қоймай, түрмеге қамалады. ӘҚБтК-тің 606-бабы бойынша жолда апат жағдайын туғызса, 10 АЕК (43250 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Ал бір жыл ішінде екінші рет жолда апат жағдайын туғызса, 6 ай көлік жүргізу құқығынан айырылады. Жолдың қарсы бөлігіне өту, қауіпті маневр жасау және басқа көліктен озатын кезде ереже бұзу 6-9 айға дейін көлік тізгіндеу құқығынан айырады. ӘҚБтК-тің 611-бабы бойынша жүргізуші жол ережесін бұзып, өзi қатысқан жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалса, 50 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 1 жылға куәлігінің мерзімі тоқтайды. ҚК-тің 345-бабы бойынша автокөлік жүргізушісі жол ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірсе – 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады), я болмаса 40 тәулікке қамалып, 2 жылға дейін автокөлік жүргізе алмайды. Ал абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келуіне себеп болған дәл сол іс-әрекет 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуға, я болмаса 2 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзімге қамауға және 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға әкеледі. Абайсызда адам өліміне әкелген іс-әрекет 5 жылға дейін бас бостандығынан да, жүргізуші куәлігінен де айыруға себеп болады. Абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген әрекет 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамап, 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыруға себеп болады.

Спирттік ішімдік ішіп, есірткі тұтынып жол апатын жасаған жүргізуші (ҚК-тің 345-1-бабы) абайсызда адамға орташа зиян келтірсе – 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады, не 1 жылға бас бос­тандығы шектеледі (абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келсе – 10 жылға куәлігінен айырылып, 3000 АЕК айыппұл төлейді, я болмаса 3 жылға түрмеге қамалады; ал абайсызда адам өліміне себеп болса – 10 жылға куәлігін тапсырып, 7 жылға бас бостандығы шектеледі; ал абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген әрекет өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын шектеуге себеп болады).

ӘҚБтК-тің 613-бабы бойын­ша полицияға (әскери полиция, көлік бақылау органы қызметкері) бағынбаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, 1 жылға куәлігінен айырылады. Ал алкоголь не есірткі тұтынғанын тексертуден бас тартса – 15 тәулікке қамалып, 8 жылға куәлігін тапсырады. Әкімшілік жазаның мерзімі өткен соң 1 жыл ішінде дәл сол әрекеті қайталанса – 20 тәулікке бостандығы шектеліп, 9 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады (бұл жерде 34 түрлі себептің барлығын тізбектеп жазбадық).

Ережені елемейтін есерлерге тұзақ

Қазір айыппұлды елемей, жол жүру ережелерін қасақана бұзатын көлік жүргізушілері аз емес. Бас прокуратура таратқан ресми мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың 6 айында 15188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы оқиғалардың жартысынан астамы жол жүру ережелерін қасақана және жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болған. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде 5971 адам жарақат алып, 208 азамат, соның ішінде 40 бала қаза тапқан. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 209 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болыпты. Бір назар аударатыны, ең ауыр зардаптар бұрынғыдай жылдамдықты арттыру мен қауіпті маневр жасауға байланысты болған. Дәл осы құқық бұзушылықтардың салдарынан 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 азамат қаза тауыпты. Сол себептен қазіргі кезде жол бұзақыларына қатысты ұсақ бұзақылығы үшін жауапқа тарту тәжірибесі белсенді түрде енгі­зілуде. Соттар прокурорлардың құқықтық ұстанымын қолдап, құқық бұзушыларға әкімшілік қамақ жазасын белгілеуде. Жыл басынан бері ӘҚБтК-тің 434-бабы бойынша 29 жол бұзақысы әкімшілік қамаққа алынған.

Отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыр жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған жүргізушілер жасайды. Тіпті кейбір есерлер үшін айыппұл төлеу заң талаптарын елемеу­дің бір тәсіліне айналғаны рас. Мысалы, Алматыдағы үш адамның өмірін қиған қорқынышты жол апатына кінәлі жүргізуші бұған дейін көлік жылдамдығын 21 рет асырып, әкімшілік жазаға тартылған. Ақмола облысындағы адам өліміне әкеп соқтырған жол апатына себепші болған жүргізуші жол жүру ережелерін 13 рет бұзыпты. Бірер жыл бұрын түркістандық полицейлер 73 рет жол жүру ережелерін бұзған такси жүргізушісін ұстады. Оған салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгеге жетіпті. Тіпті жол жүру ережелерін 100 рет бұзған тараздық жүргізушіні де білеміз. Қазір жол бойындағы бейнетіркегіштердің жазбасынан, я болмаса азаматтардың дер кезіндегі хабарламасынан жол бұзақыларының қылмысын жедел анықтауға мүмкіндік мол.

ІІМ-нің ноу-хауы не?

Құзырлы ведомство қаса­қана жол ережелерін бұзатын жүргізушілермен күресудің халықаралық тиімді бір тәсілін пысықтап жатыр. Бұл жаңалық­ты қыркүйектегі Үкімет отыры­сында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жария етті.

– Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, қолданысқа енгізуді ойластырамыз. Қазір айыппұлды елемейтін өрескел құқық бұзушылар бар. Солармен күресу мақсатында «балдық жүйені» енгіземіз. Ол әрбір заң бұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр заң бұзушылық іс-әрекеттер жасағаны үшін жүргізуші куәлігінің күшін 1 жылға тоқтату көзделеді, – деп түсіндірді ноу-хауды Е.Сәденов.

Ішкі істер министрлігі заңға енетін мұндай түзетуді 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайға жолдайды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштері төмендегенімен, жол ережелерін жүйелі түрде бұзу мәселесі сақталып отырғанына қынжылды.

«Жалпы, ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апатының деңгейі жоғары кү­йінде қалып отыр. Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет» деді ол құзырлы ми­нистрлік басшысына тапсырма беріп.

Премьер-министр жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне қатысты қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауды және балдық жүйе енгізу мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.

«Жол жүру ережелерін қаса­қана бұзатындарға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуі тиіс. Керісінше, заң бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апатын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту» деді ол.

Балдық жүйе деген не? ІІМ-нің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, министрлік алдын ала бір жылға 20 балл лимит бекітуді ұсынуда. Балдардың саны құқық бұзушылық іс-әрекеттің ауырлығына байланысты болады. Мысалы, жолда көліктің жылдамдығын 10 шақырым/сағатқа көбейтсе, бір балл есептеледі. Ал бағдаршамның тыйым салынған дабылына құлақ аспай өтіп кетсе – үш балл есептеледі.

– Алайда мұндай параметрлер әлі нақты бекітілген жоқ. Егер жол жүру ережелерін қасақана бұзатын жүргізушілер 20 балл жинаса, лайықты жазасын алады. Яғни жүргізуші куәлігінен айырылады. Әзірше бұл мерзімге де нақты тоқталған жоқпыз: 6 ай мен 1 жылды қарастырып отырмыз. Осы уақыт өткеннен кейін әлгі жүргізуші жол жүру ережелері туралы білімін тексеруі үшін қайта емтихан тапсырады. Сәтті тапсырса, куәлігін алады. ІІМ Бас прокуратурамен бірлесіп, іс жүзінде балдық жүйе қалай жұмыс істейтінін тексерді. Қанатқақты жоба аясында біз күтпеген нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ заң әлі қабылданған жоқ, сол себептен ешкімді жауапқа тартпадық. Құрылтай депутаттарымен осы мәселені заңға енгізуді бірге талқылаймыз. Олар қолдаса, онда жаңашылдық қолданысқа енеді, – деп түсіндірді И.Лепеха.

Астанаға ЖИ көмектесті

Бас қалада күн сайын кем дегенде 3 мыңнан астам жол жүру ережелерін бұзу дерегі тіркеледі. Оның бір себебі, елордада автокөліктер саны тез өсіп келеді. Ресми мәліметке жүгінсек, қазір Астанада 471 мың көлік құралы тіркеліпті. Бұл сан жыл сайын 25-30 мың көлікке көбейіп отырады. Мұндай жағдайда көлік қозғалысын бақылау да оңайға соқпайды. Алайда көлік ағындарын басқару интеллектуалды ITS жүйесі арқылы іске асады. Бұл жүйеге қаладағы бағдаршам нысандарының 80 пайызы кіріктірілген. Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы бүгінгі таңда 12 мобильдік кешенді іске қосқан. Демек «ақылды» жүйе жолдағы ахуалды осылайша бақылауға, реттеуге мүмкіндік туғызады.

Елорда көлік жүйесі бойынша өзге өңірлерден озып тұр. Бұған бір мысал, бейнебақылау инфрақұрылымы тұрақты түрде жаңғырып отырады. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Smart City жобасы аясында бас қалада жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тіркеудің 1,2 мыңнан астам кешені іске қосылған. Ахуал орталығына 60 мыңнан астам бейнекамера кіріктірілген. Мұндай жаңару автоматты түрде тіркелетін жол ережелерін бұзу оқиғаларын 4-тен 15 түрге дейін арттыруға жол ашыпты.

– Қала көшелеріндегі жолдарға жыл сайын ұлғайып келе жатқан жүктемені ескере отырып, көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жасанды интеллект базасында бейнесараптаманың 35 түрін енгізу жол-көлік оқиғаларының санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді, – деп түсіндірді жаңалықты Ж. Қасымбек Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Жасанды интеллекттің де жақсылығы аз емес. Ел жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам бейнекамера жазып, бақылайды. Соған қарамастан, жол апатының саны азаймай отыр. Бұл көрсеткішке жүргізушілердің рульде отырып ұялы телефон қолдануы да айрықша әсер етеді. Әсіресе, елді мекендерде орын алатын жол апатына смартфоннан көзін алмайтын жүргізушілер кінәлі болып жатады. Жол-көлік оқиғаларына жаяу жүргіншілердің өздері де кінәлі болатын кездері көп. Осыған орай, Үкімет басшысы Олжас Бектенов жолдағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуы тиіс екенін мәлімдеді. Ол ІІМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық бейнекамераның жұмысын тексеріп шығуға пәрмен берді.

Жүргізуші куәлігіне алатын емтиханды енді онлайн тапсыруға болады. Жаңа қызмет әзірге пилоттық режимде Астанада іске қосылды. Емтихан тапсыру үшін eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінен онлайн тес­тілеуді таңдау қажет. Үміткер елордада тұрақты тіркелген болуы шарт. Автомектепті аяқтағаны туралы куәлігі мен медицина анықтамасы болуы керек. 40 сұрақтан тұратын емтиханға 40 минут беріледі. Сынақтан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап бересіз. Тестілеу кезінде компьютер камерасы, микрофон және смартфон арқылы үміткердің әрекеті бақыланады. Бірінші талпыныстан өте алмағандар емтиханды келесі күні қайта тапсыра алады.