Зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттердің он алты күні» халықаралық акциясы қарсаңында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлескен кеңес өтті.

Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Жыл басынан бері «102» арнасына отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтарға байланысты 10 мыңнан астам хабарлама келіп түскені айтылды. 

Сонымен қатар, аталған салада тіркелген қылмыстар санының өсуі көбінесе қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты екені сөз болды. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске бұрын әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына жатқызылған әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін 108-1-бап (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1-бап (ұрып-соғу) енгізілді. Бұдан бөлек, сталкинг (қудалау) үшін жауаптылық көздейтін Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы жаңа бап ретінде енгізілді. Аталған заңнамалық өзгерістер отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тіркелген қылмыстар санының артуына әсер етті.

Акция аясында бірқатар бірлескен профилактикалық және ақпараттық іс-шаралар өткізу жоспарланды. Олардың қатарында халықпен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесулер, тәуекел тобындағы отбасыларға бару, профилактикалық әңгімелер жүргізу, ақпараттық материалдар тарату, сауда үйлері мен қоғамдық орындардағы LED-экрандарға әлеуметтік бейнероликтер орналастыру, сондай-ақ атқарылатын жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау көзделді. 

Зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтауға, әлеуметтік осал отбасыларды уақтылы анықтауға, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарды көмек алу арналары туралы ақпараттандыруға ерекше назар аударылып, 102, 111 және басқа да қолдау қызметтері туралы ақпарат берілді.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар өз ұсыныстарымен бөлісіп, бірлескен жұмыстың жаңа форматтарын талқылап, акция кезеңіндегі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындады.

Акцияның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның фактілерін ерте анықтау, азаматтардың өз құқықтарын қорғау шаралары мен көмек алу мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру болатын.

Алмагүл Исмағұлова,

Астана қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы

отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі